Елде интернет бағасы өсті: сапа ше?

Байланыс нарығында шын бәсеке бар ма? Тұрғындар биыл ұялы байланыс қызметінің қымбаттағанына шағым айтуда. Баға сапаға сай ма? 

Елде 26 млн 300 мың ұялы байланыс қолданушысы тіркелген. Ірі ұялы байланыс операторлары тарифтік жоспарларын биыл кезең-кезеңімен қымбаттатты. Мысалы, Beeline өз абоненттеріне төлем қымбаттайтыны жайында ақпан айынан бастап хабарлаған. Шілдеден бастапбірқатар тариф мың теңгеге өсті. Tele2 мен Altel де осынша теңгеге қымбаттатты. Ізінше Кейсел мен актив те бағаларын көтеру туралы шешім қабылдады. 21 сәуірден бастап 18 тарифтің құны 25%-ға дейін өсті.

2025 жылы абоненттік төлемдер өсті

Beeline тарифтері   ₸ 1000

Tele2/Altel тарифтері  ₸ 1000

Kcell/Activ тарифтері 6%- 25%

Жыл басынан бері құзырлы министрлік тарапынан байланыс операторларына қатысты 98 тексеру жүргізілді. Анықталған олқылықтар үшін 330 млн теңге айыппұл салынған.

Азамат Серіктаев, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитеті Тіркелген байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасы басшысы:

- Қолданушылардың байланыс немесе интернет сапасы нашарлаған жағдайда біздің азаматтар ресми түрде шағым түсіре алады. Шағымды біз өзіміз өңдеп немесе өңірлік инспекцияларға жіберу арқылы байланыс сапасын шығып тексереміз. Егерде дәлелденген болса, интернет сапасы төмен болғанына көз жеткізсек байланыс операторына айыппұл саламыз. Мөлшері 2022 ж бастап 10 есе өскен болатын.

Қазақтелеком интернет бағасын 20%-ға дейін өсірген. Былтыр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі байланыс операторларына қатысты тексеріс кезінде осындай монополиялық жоғары баға қою белгілерін байқаған. Қазір заңнама бұзу дерегіне сай тергеу жүріп жатыр.

Ал нарыққа ресми түрде 1 ай бұрын ғана енген Старлинкті кез-келгеннің қалтасы көтермей тұр. Бұл спутникті интернеттің ай сайынғы төлемі 23 мың теңдеген басталса, құрылғыны орнату 100 мың теңгеден асады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі:

- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы қызмет көрсету барысында Қазақстан заңнамасын толық сақтау жөнінде келісімге қол қойды. Starlink технологиясы шалғай және қолжетімділігі қиын аймақтарда да тұрақты интернет қосылуын қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Тарифтер, қосылу шарттары және қосымша ақпарат SpaceX компаниясының ресми сайтында жарияланды.

Жыл басында Теlе2 компаниясын қатарлық холдинг 1,1 млрд АҚШ долларына сатып алды. Тіпті келіссөз мемлекет басшылары деңгейінде жасалған еді. Оператор қомақты инвестицияны ұялы байланыс сапасын арттыруға жұмсаймыз деп уәде еткен.