Алматы облысында «Толағай» алыптар сайысы өтті

Алматы облысында «Ақ бидай 2025» VIII республикалық ауыл спорт ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Ондағы ерекше тартысты жарыстың бірі – «Толағай» алыптар сайысы. Додаға әр өңірден келген 20 балуан қатысты. Салмағы 90 келіден жоғары ерлер бес кезеңнен тұратын сыннан өтті. Олар 100 келілік  жүкті көтеру, 200 келілік арбаны сүйреу  және 10 келілік найзаны лақтыру бойынша күш сынасты. Қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Түркістан облысынан келген Мырзатай Бағлан иеленді. Екінші орын Атырау облысының балуаны Бралин Ерсейтке бұйырса, үшінші орынды Қарағанды облысынан келген Азат Қарашолақов жеңіп алды.

Дархан Әшіров, облыстық спортты дамыту дирекциясының басшысы:

- Бұл сайыс, «Ақ бидай» ойындарына кіргізу мақсаты бабаларымыз Қажымұқан, Балуан Шолақ бабаларымыздың ізін жалғастырып, жарыста батырларымыздың күшін ғана емес, олардың шыдамдылығын, ептілігін, намысы мен жігерін қайрайтын үлкен дода болып табылады. Бұл жарысқа бүкіл облыстарда іріктеліп, осы жарысқа арнайы келіп отырған жайы бар. Сондықтан да жәй-жәй насихатталып, үлкен жарысқа айналады деген үмітемміз.