Павлодарда отбасылардың жағдайы бақылауға алынды
«Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Алайда отбасындағы дау-дамай дер кезінде шешілмесе, қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін.
Бұл тек жеке адамдардың емес, тұтас қоғамның мәселесі. Мәселен, Павлодар облысында бүгінгі таңда төрт мыңға жуық адам ішкі істер органдарында есепте тұр. Бұл – отбасындағы жанжалдың жиілігін айғақтайтын дабыл қағар дерек. Құқық қорғау органдары есептегі азаматтармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, түсіндіру және алдын алу шараларын қолға алған.
Полиция қызметкерлері ұрыс-керістен берекесі қашқан отбасылардың үйіне жиі бас сұғады. Облыс бойынша төрт мыңдай адам есепке алынған. Әсіресе, құқық бұзушылықты қайта жасағандар ерекше назарда. Атап өту керек, мұндай жағдайда көмек тек жәбірленушілерге ғана емес, агрессорларға да көрсетіледі.
Индира Жүсіпова, жергілікті Полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:
- Биылғы жылдың сәуір айынан бастап агрессорларға психологиялық көмек көрсету тәжірибесі қолға алынды. Полицияның ұсыныстары бойынша жыл басынан бері 20 адамға психологиялық көмек көрсету тағайындалды. Сол 20 адамның алтауы психологиялық көмектен өтті және бұл адамдар қайта құқық бұзушылыққа бармағанын тәжірибе көрсетіп отыр.
Әйтсе де отбасында ұрыс-керіс шығаратындар ерекше бақылауға алынады. Павлодардағы Дағдарыс орталығына биыл 40-тан астам әйел түскен. Олар уақытша тұратын үй-жайдан бастап, психологиялық, заңгерлік және материалдық қолдауға ие болды.
Айнаш Ілиясова, Дағдарыс орталығының басшысы:
- Бізге келген әйелдарға адамға барлық жағынан көмек көрсетіледі. Психологиялық тұрғыдан, қажет болса неке бұзу, алимент өндіру мәселелері бойынша да көмектер қарастырылады. Балаларын мектепке немесе балабақшаға орналастырамыз. Әйел адам жұмыс істемейтін болса жұмысқа орналасуға жәрдемдесеміз.
Дағдарыс орталығын паналап келетіндердің көбі көпбалалы аналар. Солардың бірі отбасында жәбір көрген жас ана. Бес ай бойы балаларымен осында тұрады. Бұл жерде өзін қауіпсіз сезінеді.
Отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны:
- Мен көпбалалы анамын. Төрт балам бар. Төртеуі де мектепте оқиды. Қазір осы жерде бірге тұрып жатырмыз. Осы жерге келгеніме өкінбеймін. Моральдық, материалдық, психологиялық көмектер алып жатырмын.
Ұрыс-керістің салдарынан шаңырағы шайқалған отбасылар саны азаяр емес. Сондықтан полиция қызметкерлері Дағдарыс орталықтарымен әріптестігін жалғастыра бермек. Олар облыс аумағындағы тұрмыстық жанжалға бейім, әлеуметтік жағдайы төмен барлық отбасылардың тұрмыс-тіршілігін толық зерттеуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошкарбаев, Марат Игіліков