Семейде азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 120 кәсіпкер анықталды

Семейде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 120 кәсіпкер анықталып, оларға 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Қазір өңірде бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасы қатаң бақылауда. Әсіресе, етке ерекше басымдық беріліп отыр.

Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары тауарға қосылатын үстеме ақы 15 пайыздан аспауы тиіс деп отыр. Қазір қалада еттің орташа бағасы шамамен 3,5 мың теңге. Ал жәрмеңкелерде оның құны 3 мың теңгеге дейін төмендейді. Жалпы Абай облысының жұртшылығы айына мың тоннадан астам ет тұтынады.

Серікхан Нұртазин, Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:

- Осындай жәрмеңкелерде бағасы 3200-3300 теңге шамасында болады. Ал жалпы қалада 3400-3500 теңге шамасында. Сонымен қатар Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінде бақылау функциясы бар. Кәсіпкерлер алған бағасы сату бағасынан 15 пайыз мөлшерлемеден аспауы керек. Егер асырған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл қарастырылған.