Былтыр қазақстандықтар онлайн саудаға 3,2 трлн теңгесін жұмсаған

Елде бөлшек сауда нарығында 1,5 млн аса адам жұмыс істейді. Алайда кейінгі жылдары көпшілігі қара базардан кетіп жатыр.

Себеп - онлайн сауда. Қазір үйден шықпай-ақ қалта телефоныңыздың көмегімен қалаған тауарыңызға қол жеткізе аласыз. Бірақ бұл алаяқтық пен кибер қылмыскерлердің оң жамбасына келіп тұр.

Нәпақасын саудадан тауып жүрген Гаухар екі жыл бұрын киім дүкенін ашқан. Алайда кейінгі кездері кәсіпкер онлайн саудаға ойысқанын айтады. Өйткені нарық талабы солай.

Гаухар Сәмен, кәсіпкер:

- Магазин ашатын болсаңыз, ремонт жасап, жабдық алу керек. Тауарларды толтыру керек, жалға алатын орынның қаржысы да бар. Көп қаражат. Біз Instagram және Tik Tok желілерін қолданамыз және Kaspi Market-ті де қолданамыз. Көбінесе Instagram-нан тапсырыс береді. Басқа қалалардан да тапсырыс болады. Сондықтан үлкен аймақты қамти аламыз. Онлайды дамытып жатсақ, бізге тиімді.

Иә, елімізде онлайн сауда қызып тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бөлшек саудада интернет-ресурстар арқылы сатылатын  үй тауарларының үлесі 35% жуық. Ал аяқкиім және спорт тауарлары 17% болса, тамақ өнімдері, косметика, дәрілік препараттардың жалпы үлесі 24,5%. Көпшілік те электронды сауданы құп көреді.

Рас, қысқа уақытта электронды сауда көз ілеспес жылдамдықпен дамыды. Мәселен, 10 жыл бұрын нарықтағы үлесі небәрі 0,5% болған. Ал биыл 15 пайызға жетуі мүмкін.

Вера Григорьева,  ҚР Сауда және интеграция министрлігі Электрондық және биржалық сауда басқармасының басшысы:

- Кейінгі 5 жылда онлайн сауда көлемі 7 есе өсіп, былтыр сауда айналымы 3,2 трлн теңгеге жетті. Қазіргі таңда елімізде электронды сауда үлесі 14 пайыз. Оның басым бөлігі яғни, 85 пайызы маркетплейстерге тиесілі.

Былтыр қазақстандықтар онлайн саудаға 3,2 трлн теңгесін жұмсаған. Мамандардың болжауынша, 2029 жылға қарай көрсеткіш үш есе артуы мүмкін. Бұл саудада береке бар деп білетін кәсіпкерлер үшін тиімді. Дегенмен таяқтың екінші ұшы бар. Ол - интернет алаяқтық. Өткен жылдың өзінде әккілер 12 мыңға жуық тұрғынды құрығына түсірген. Осылайша қараша қас-қағым сәтте 18 млрд теңгесінен қағылған. 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Руслан Әлиев