Қазақы киімдегі қуыршақтарға сұраныс артып келеді
Қазақы киімдегі қуыршақтарға сұраныс артып келеді. Алматылық қолөнер шебері Гүлнәр Дінбаева соңғы 5 жылда 150-ден аса қуыршаққа ұлттық нақыштағы киім үлгісін тігіп, дәстүр мен сұлулықты тоғыстырды. Бүгінде бұл шағын шеберхананың туындылары шетел асып, еліміздің мәдениетін танытып жүр.
Әлемге танымал «Барби» қуыршағы бұл шеберханада қазақ қызының образына енеді. Камзол, сәукеле, қос бұрым мен тақия барлығын шебер көз майын тауысып жасайды. Әрбір қуыршақтың киімі шамамен 10 күнде тігіледі. Осылайша ұлттық киімдегі әр ою – ұлттың шежіресіндей сөйлейді.
Гүлнәр Дінбаева, тігін шебері:
- Бір қуыршақтан кейін екіншісі шықты, екіншіден кейін әрі қарай жалғаса берді. Бір жылда 15 қуыршақ жасап тастадым. Одан кейін ол хоббиім болып кетті. Суретшімін ғой. Содан соң өрнектерді интернеттен қарап, кітаптан қарап, матаға кестелеймін.
Ұлттық қуыршақ тігу идеясы шетелдегі немересіне сыйлық іздеуден бастау алған. Бүгінде сол ықылас жаңа дәстүрге ұласып, қазақы үлгіні әлемге паш етіп жүр. Немересі де әжесінің жанынан табылып, әр туындыдағы әшекейдің түсін таңдаудан бастап, ұсақ-түйекке дейін бірге жасайды.
Элин Мааз, Г.Дінбаеваның немересі:
- Әжем кейде менен қай әшекей әдемі, қай түсті моншақ қуыршақтың көйлегіне жарасатынын сұрайды. Өз ойымды айтып, бірге ақылдасамыз. Осылайша әжеме кішкентай болсын көмегімді тигізіп жүрмін.
Қолөнер шебері қазақы киімдегі қуыршақтарға «Күнсұлу», «Анар» сынды қазақ қыздарының есімін берген. Мұндағы әрбір бұйым-оюмен өрілген тарих, түспен сөйлейтін дәстүр, ұлттық болмыстың кішкентай айнасы десек артық емес.
Гүлнәр Дінбаева, тігін шебері:
- Бұл сыйлық тек қонақтарға емес, қазақстандықтар да қыздарына сатып алып, қазақтың киімі қандай болу керек екенін таныстырады. Меніңше қазір сувенирлер көп. Бірақ бұл қуыршақ Қазақстанның белгісі ғой.
Бүгінде шебердің қолынан шыққан ұлттық киімдегі қуыршақтар мұхит асып, 20-дан аса алыс-жақын шет мемлекеттерге жетіп отыр. Алдағы жоспар - шеберхананы кеңейтіп, ұлттық қуыршақты әлемдік деңгейде таныту.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Мұхит Құдықбаев