Жетісуда мемлекеттік қызметкерлер тапшылығы азайды

Жетісу облысында мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру саладағы кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізді.

Сәуір айынан бері 50 шақты адам жұмысқа қабылданып, бос орындардың жартысына жуығы қамтамасыз етілді. Жалпы бұл цифрландыру тәсілі жүйедегі әділдікті және үміткерлер арасында бәсекені күшейтеді, дейді мамандар.

Жадыра Асанова жақында балалардың құқығын қорғау басқармасының бөлім басшысы қызметіне кірісті. Мемлекеттік қызметте 10 жылдай еңбек еткен ол лауазым иесі атану үшін жаңа жүйе арқылы конкурстық іріктеуден өтті.

Жадыра Асанова, балалар құқығын қорғау басқармасының бөлім басшысы:

- Бірінші тесттен өттік, одан кейін эссе болды. Одан кейін әңгімелесу, барлығы онлайн форматта Е-қызмет арқылы өзіміз кіріп, өзіміз мүмкіндігінше бір аптаның ішінде тапсырып шықтық. Бұрын өте ұзақ болатын. Конкурс нәтижесін күтетінбіз. Әңгімелесу, басқарма басшылары қатысатын. Ал биыл онлайн форматында бәрі тез өтті. 

Бұрындары мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін үміткерлер төрт кезеңдік іріктеуден өтетін. 1 сәуірден бері оның саны екі есе қысқартылды. Осылайша конкурс жеңімпазы бір айда емес, жеті күндік жұмыс күнінде анықталады. Жүйедегі әділдікті қамтамасыз ету үшін адами фактор азайтылып, технология мүмкіндігі пайдаланылады.

Айгүл Досыбаева, мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы: 

- Бұл іріктеудің басты ерекшелігі - іріктеу ашық шынайы, жемқорлық тәуекелдері болмайды. Себебі конкурсқа қатысып жатқан үміткерлер жөнінде мәліметтер, аты-жөні, оған қатысты мәліметтерді мемлекеттік органдар көре алмайды. Себебі үміткерге ID номер беріледі. Ең соңында іріктеудің барлық этаптарынан өткеннен кейін ең жоғарғы балл жинаған үміткер жеңімпаз атанады. Ол жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Мамыр айында мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа заң қабылданды. Құжатта қызметшілердің құқығын қорғауға басымдық беріліп, әлеуметтік көмек көрсету тетігі қарастырылған. Мұндай қолдаулар салаға келетін жастардың артуына және тұрғындарға ұсынылатын қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді, дейді мамандар. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев