Ауыл шаруашылығы саласына 3500-ден астам маман жетіспейді

Ауыл шаруашылығы елді асырайтын сала. Алайда бұлай дегенімізде, көп жастың кежегесі кері тартады. Ресми дерекке сүйенсек, елде агросекторға 3500-ден астам маман жетіспейді, деп хабарлайды 24kz.

Көңілге кірбің ұялататын сан. Себеп неде?

Назерке Тоқжан, тілші:

- Елімізде ауыл шаруашылығы мамандары негізгі үш жоғарғы оқу орнында даярланады. Солардың бірі әрі бірегейі – елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университет. Биыл мұнда ауылшаруашылығы саласына 3 мыңға жуық жас оқуға түсті. Бұл жылдағыдан 701 балаға көп. Әсіресе, агрономия, ветеренария бағыттарына түлектер тарапынан қызығушылық артқан. Оған себеп сұраныс.

Бауыржан Кенжебайұлы, Ауыл және орман шаруашылығы институты директоры міндетін атқарушы:

-  Жіктеп айтатын болсақ, агрономдарды өте көп талап етіп жатыр. Содан кейін фитосанитарлық қауіпсіздік қазір жетіспеушілік болып жатыр. Үлкен*-үлкен шаруашылықтар бар. елді мекендерден балаларды оқытып, жұмысқа алып, грант беріп жатыр. Жұмысқа орналасу бойынша СҚО, орталық, ШҚО бойынша өте көп деңгейде.

Иә, жоғары оқу орнында білім алу мақтаныш. Бірақ бас қайғы басқа. Талай жастың дипломы сол күйі сөреде шаң басып жатыр. Мұндайда түлектерге университет ұжымы қол ұшын созады. Бір ғана агрономия факультеті 40-қа жуық шаруа қожалығымен тығыз байланыс орнатқан. Іздегенге сұраған демекші, бүгінгі студент ертең қадірлі кадр атануына мүмкіндік бар.

Ақерке Орынбасар, 4-курс студенті:

- Қостанай өңірінің Амангелді ауданынан келген болатымын. Біз жақта да басты проблеманың бірі шекірткемен күрес. Олармен қалай күрес жүргізуді үйреніп жатырмыз.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде ауыл шаруашылығы саласына 3500-ден астам маман керек. Ал жылда оқу бітіретін түлектердің қатары бұдан бірнеше есе аз. Мәселені министрлік те жақсы біледі. «Сондықтан қазіргі басты басымдық қарапайым еңбек адамдарының әлеуетін көтеру», - дейді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Кадр тапшылығы бар, мұны айту керек. Мысалы, комбайн механизторлары жетіспейді. Бірақ та колледжедрмен жұмыс жасап жатырмыз. Оқыту мәселесі шешіліп жатыр. Грантта селолық квоталар бар. Оның пайызын көбейтіп жатырмыз.

Ал сарапшылардың айтар өз уәжі басқа. Олардың пайымынша, сайлаулы техника, лайықты жалақы болмаған соң мамандардың тұрақтап қалуы екіталай.

Бақтияр Өтелбаев, Қазақ ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры:

- Баяғыдан үйреніп қалдық, шаруашылықтың басында жүрген адам өзі тракторист, программист, бухгалтер. Бәрін бір кісі орындайды. Бірақ қазір шеттен жалдама кішігірім аутсорс топтар пайда болып жатыр. Қазір бір шаруашылыққа кадрды бағдарлама жоспары бйоынша ұстайтын болса, тиімсіз, шығыны өте көп болып жатыр.

Кез келген саланы өрге сүйрейтінең әуелі білікті маман. Әсіресе, ауыл шаруашылығына арқа сүйеген біздің ел үшін кадр тапшылығы күйіп тұрған мәселе.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ғалымжан Әбділахат