Сот сараптама орталығы жабдықтарын жаңартып жатыр

Сот сараптама орталығы жабдықтарын жаңартып жатыр. Себебі синтетикалық есірткілерді анықтауға заманауи технология қажет.

Журналистермен өткен брифингте аталған орталық директоры Бақытжан Байтілесов осылай деді. Құзырлы орган 32 құрылғы сатып алатынын айтты. Оның көмегімен есірткі заттарының химиялық құрылымын дәл белгілеп, заңсыз нарықтағы жаңа түрлерін дер кезінде тануға болады.

Бақытжан Байтілесов, ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры:  

- Сөз заманауи газды хроматографтар, масс-спектрометрлер және сұйықтық хроматографтар туралы болып отыр. Оларсыз сот процестерінде сапалы әрі ғылыми негізделген қорытындыларды қамтамасыз ету мүмкін емес. Оларды пайдалануға беру ағымдағы жылдың қазан–қараша айларына жоспарланған. Мұндай қадам елдің сараптамалық әлеуетін күшейтеді және материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға деген ұтымды көзқарасты көрсетеді.