Шетелдік интернет-дүкен тауарлары міндетті декларациядан өтетін болады
Енді шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған барлық тауарлар декларациядан өтеді, деп хабарлайды 24kz.
Тіркеуді тұтынушының өзі немесе «Қазпошта», ДЧЛ сынды электронды сауда операторлары жүргізеді. Бұл туралы бүгін Сенатта Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы хаттамасына қатысты өткен жиында айтылды. Бұған сәйкес шетелдік маркетплейстен сатып алынған тауар құны 200 еуродан асса, сатып алушылар 5% баж салығын төлеуге міндеттеледі.
Айта кеткен жөн, еліміздегі электронды сауда көлемі былтыр 3 триллион теңгеден астам соманы құраған еді. Заңдағы өзгеріс күшіне енсе, алдағы үш жылда маркетплейстердегі сауда есебінен қазынаға қосымша 25 миллиард теңге кіріс кіреді.
Бекбол Орынбасаров, ҚР ПарламентІ Сенатының депутаты:
- Бұл жерде тек қана біз статистиканы дұрыстап ретке келтіру мәселесі жолға қойылып отыр. Тауар қолға тигеннен кейін шама келгенше, заң бойынша 10-15 күн ішінде тапсырған дұрыс.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Тауарды сатып алушы оны алған кезде өзі декларациядан өткізеді немесе сауда операторына 4-5 мың теңге көлемінде ақша төлеп, солар арқылы тіркей алады. Бұл әлбетте тауар құнының сол бағаға өсуіне әкеледі.