Елде 4 800 жерасты су кен орны бар
Елде тұщы су қоры жеткілікті. Бірақ қауіп те бар. Еуразияның қақ ортасындағы Қазақстанға тұшы судың басым бөлігі көрші елдерден келеді.
Яғни су мәселесінде тәуелділік бар деген сөз. Сондықтан жердің үстіндегісімен қоса астындағы судың да қадірін білу қажет. Елде су саласын цифрландыру, үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Тағы бір мәселе – жер астындағы тіршілік нәрін пайдалану. Қазір жер астындағы 40 млрд су қоры нақтыланған. Қазір әлемде ауызсу тапшы. Алдағы уақытта біздің елде де тұщы су күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Дегенмен Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары барланған жерасты су қоры жеткілікті дейді. Бүгінге дейін 4 800-ден астам жерасты су орны барланып, көлемі нақтыланды. Ең үлкен кен орны – Алматы қаласы маңында. Талғар кен орнының қоры тәулігіне шамамен 990 мың текше метрге жетіп отыр. Жамбыл облысындағы Мерке кен орнында 770 мың текше метр су бар. Алматы кен орнының су қоры – 457 мың текше метр. Ал Ақтөбе облысындағы Көкжиде мен Кеңқияқтағы су қоры 200 мың текше метрден асады.
Елдегі жерасты су кен орындары
Талғар кен орны – 990 мың м³/тәулік
Мерке кен орны – 770 мың м³/тәулік
Алматы кен орны – 457 мың м³/тәулік
Көкжиде кен орны – 196,5 мың м³/тәулік
Кенқияқ кен орны – 5 мың м³/тәулік
Күнделікті ауыз су мен тұрмыстық қажеттіліктің 80 пайызын осы жерасты сулары беріп отыр. Бұл көрсеткіш аймақтар бойынша әртүрлі. Мәселен, Ақмола облысында тұтынатын судың 14 пайызы жерасты суларына тиесілі болса, Ақтөбе облысында 90 пайызға жетеді. Дегенмен батыс өңірлерді ауыз сумен қамту өзекті болып тұр.
Әділет Тұрғынбек, ҚР СРИМ Жерасты сулары департаментінің бас сарапшысы:
- Көкжиде жерасты су кен орны Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанның батыс өңірлерін ауызсумен қамтамасыз ету үшін министрлікпен жоба әзірленуде. Экономикалық тиімділігі жағынан анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта аталған жоба іске асырылған жағдайда жерасты су кен орнымен Маңғыстау, Атырау облысы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіншілік пайда болады.
Маңғыстау ауызсуға зәру
Иә, Маңғыстау өңірі тұщы суға зәру. Өңірдегі халықтың басым бөлігі теңіз суын тұшытып ішіп отыр. Қазір аймақтағы 200 мыңнан астам адамға су жеткізетін су құбыры жөнделіп жатыр. Ұзындығы 46 шақырым. Құбыр «Құйылыс-Меловое» кен орнын «Каспий» тұщыту зауытымен жалғайды. Жаңғырту жұмысы қазан айында аяқталмақ. Осылайша Ақтау қаласын және Мұнайлы мен Қарақия аудандарын сумен қамту мәселесі шешіледі дейді жауаптылар.
Елдегі жерасты су қоры – 40 млрд м³
Қазір жер астында шамамен 40 млрд текше метр су бары белгілі. Бір жылда ел тұрғындары 1 млрд 200 млрд текше метр су тұтынады. Жауапты министрлік егіс алқаптарын суғаруда осы жерасты суларын көптеп пайдаланбақ. Бүгінде ауыл шаруашылығы тәулігіне 40 мың тоннадан астам суды кәдеге жаратады. Яғни ел аумағындағы судың 60 пайызын алып отыр. Ал мұның ішіндегі жерасты суларының үлесі 1,2 пайыз. Сонымен қатар жаңа қорларды барлау жұмыстары жүріп жатыр. Алайда маман тапшы.
Жерасты су қоры
Барлығы – 40 млрд м³
Бір жылда – 1,2 млрд м³
Ауыл шаруашылығы – 40 мың тонна/тәулік
Жерасты су үлесі – 1,2%
Әділет Тұрғынбек, ҚР СРИМ Жерасты сулары департаментінің бас сарапшысы:
- Жерасты суларын барлау үшін заманауи мамандар мен техника тапшылығы расымен сезіледі. Себебі бұл салада ескірген технологияларды жаңарту және кадрларды жүйелі дайындау қажет. Осы мәселені шешу үшін министрліктің жанынан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылған. Ол ғылыми әлеуетті дамыту, заманауи әдістерді енгізу және білікті мамандарды даярлау жұмыстарымен айналысады.
Маман жалақысы 35-50% өседі
Қазір су саласында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Министрлік олардың санын көбейтіп, сапасын арттыруға күш салып жатыр. Елдегі 10 жоғары оқу орны мен 8 колледж сала мамандарын даярлайды. Сондай-ақ шетелде білім алып жатқандар да бар. «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ пен Аустарлияда білім алуға болады. Олар «Гидрогеология» және «Су ресурстары» бағдарламалары бойынша оқиды. Бұдан бөлек жүздеген маман Еуропа елдері мен Қытайда тағылымдамадан өтті. Ендігі мәселе – мамандықтың мәртебесін көтеру. Осы мақсатта министрлік қызметкерлер жалақысын орта есеппен 35 пайыздан 50 пайызға дейін көбейтуді көздеп отыр.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ержан Қанапияұлы