Көкшетауда 35 жыл бойы құрт пісіретін шебер тұрады
Білікті маман ұлттық тағамға жеміс-жидек қоспаларын пайдаланады. Биыл құрттың тағы төрт түрін шығаруды көздейді.
Тың жобаны Араб Әмірліктерінде таныстырып, оң баға алып қайтқан.
Гүлнәр Тоқтағұлова бала күнінен ұлттық тағамдар жасауға әуес. Әсіресе, оның қолынан шыққан құрт пен қоспаның дәмі тіл үйіреді. Қазір қаладағы сүт өндіру серіктестігінде еңбек етеді. Ұлттық тағамдардың жаңа түрлерін шығаруды да осында жүріп ұсынған.
Гүлнәр Тоқтағұлова, серіктестік шебері:
- Алғашында балмұздақ шығару цехында жұмыс істедім. Кейін осы ұлттық цехқа ауыстым. Мұнда ұлттық өнімдер, құрт және қоспа дайындаймыз. Әзірге құрттың тек екі түрін шығарамыз. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін құртты сүйіп жейді.
Серіктестіктегі құрт жасайтын цех бастапқыда аптасына 5-6 келі өнім дайындайтын. Қазір қуаты артып, аптасына бір тоннаға дейін құрт шығаруға қауқарлы.
Гүлнәр Тоқтағұлова, серіктестік шебері:
- Қазір жұмысшы мамандықтары сұранысқа ие. Себебі күн санап оның мәртебесі артып келеді. Жастар қорықпай, қарапайым кәсіп иелері атанудан бас тартпаса екен деймін. Бізге де жас мамандар көптеп келеді. Оларды үйретіп, бағыт-бағдар береміз.
Гүлнәр құртты жасап қана қоймай, оның сатылуына да жауапты. Сол себепті жұмысы қауырт. Уақытпен санаспайды. Еңбекқорлығын әріптестері де жоғары бағалайды.
Алтынай Ержанова, серіктестік жұмысшысы:
- Гүлнәр өз ісінің нағыз шебері. Үнемі ізденісте жүреді. Биыл бірге жұмыс істеп жатқанымызға 5 жыл болды. Осы аралықта одан көп нәрсе үйрендік. Бастаған ісін соңына дейін жеткізетін, талапты жан дер едім.
Шебер алдағы уақытта осы ісін жандандыруды көздейді. Біліктілігін арттырып, қоспаның да жаңа түрлерін шығаруға ниетті.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный