Әлемге жылулық сыйлаған жандар

Таңмен таласа тұрып, ерлермен иық тіресе қайнаған тірліктің тізгініне жармасқан нәзік жанды қыз-келіншектердің еңбегі орасан.  

Бірі көше тазалап, көлік жүргізеді, екіншісі көлікті диагностикадан өткізеді. Енді бірі егін алқабында еңбек етіп, мақта терсе, тағы бірі спорттың биік шыңын бағындырып жүр. Түркістан облысында да ердің жүгін арқалап, ауыр жұмыстан қашпай, түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Олар өндірісте де, ауыл шаруашылығында да, қызмет көрсету саласында да белсенді еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлестерін қосып келеді. 

«Автокөлік дәрігері». Түркістандық Айзада Мейірбанованы таныстары осылай атайды. Ол ширек ғасырдан бері көліктерге компьютерлік диагностика жасайды. Бұзылған көліктің ахауын әп-сәтте тауып, жөндеп жіберетін келіншекті жүргізушілердің барлығы құрметтейді. Алғаш келгендері таңырқай қарайтынын жасырмайды.

Айзада Мейірбанова, шебер:

- Клиенттер келген кезде істей аласың ба деп сұрап, таңғалады. Сосын істеп болған соң алғысын айтады. Ер адам істей алмағанды қыз бала істей ала ма деп күдіктенетіндер бар. Өмірге қайтып келсем де, осы мамандықты қайтадан істейтін едім. 

Нүрилә Асанқызы жауынгерлік самбодан әлемдік аренада Қазақстанның туын желбіретіп жүрген спортшы. Ол 2024 жылы самбодан өткен Әлем чемпионатында ел қоржынына тарихи алтын салды. «Бұл спорт түрі қыз баласына ауыр болғанымен жаттығу залына келгенде барлығы ұмыт болады», - дейді Нүрилә.

Нүрилә Асанқызы, жауынгерлік самбодан әйелдер арасындағы тұңғыш Әлем чемпионы:

- Өзіме кедергі емес, өзімнің жақсы көретін, сүйіп істейтін тірлігім. Негізі адам баласы өзінің жақсы көретін ісімен айналысуы керек. Сонда ғана табысты, сонда ғана алдыға қарай жетелейді деп ойлаймын. 

Ал еліміздегі ең арзан такси Түркістанда. Қаланың қай бұрышына барсаңыз да жолақасы адам басына 100 теңге. Қалтағы қолайлы таксиді Бибіқыз Бектұрсынова тізгіндейді. Ол 30 жылдан бері осы кәсіптен нәсібін теріп келеді. Бибіқыздың бағасына бензин құны да, басқа да әсер етпейді. «Бастысы береке мен елдің алғысы»,- дейді жүргізуші келіншек. 

Бибіқыз Бектұрсынова, такси жүргізушісі:

- «Жүз теңгеден не пайда табасыз?» дейді. Тиындарды үйге барып санасам, 5 мың теңге болады. 2-3 сағатта небәрі. Негізі тиыннан құралады екен бәрі. Көбіне маған қыз балалар хабарласады. Түнде басқа таксиге мінуге қорқады. Соларды тасып, үйге барғанша сағат 00:00-01:00 болады. Қазақта «қанағат қарын тойдырады» деген сөз бар. 

Түркістанда мереке қарсаңында әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Олардың арасында шардаралық мақташы Дүйсенкүл Дүйсенханқызы да бар. 40 жылдан бері арық шауып, мақта теріп келген қарапайым еңбек адамы мерекеде кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. 

Дүйсенкүл Серкебай, мақташы:

- 8 наурыз мерекесінің қарсаңында осындай іс-шара өткізіп, еңбегімізді елеп, бізді марапаттап жатыр. Біз сияқты қарапайым еңбек адамдарына осындай «Құрмет» орденімен марапатталып жатқаныма қуаныштымын. Өзіміздің арытмыздан келе жатқан ұрпақтарымызға жұғысты болсын. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Қыз-келіншектер қандай кәсіпті меңгерсе де, ең бастысы, ол ана болып қала береді. Барлық мейірім мен махаббат, ізгілік пен жылулық ананың нәзік жүрегі арқылы бүкіл әлемге тарап, шуағын шаша бермек. Әлем арулармен әдемі, аналармен ыстық.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш