Психологтар: Ең қиыны – лудомандармен жұмыс істеу
Ауруын жасырған өледі. Құмар ойынның соңына түсіп, онлайн бәс тігіп жүргенін жасыратындар қаншама?!
Құрдымға жіберетін құмарлық адам жадына қалай әсер етеді? 24kz тілшісі Мирлан Алтынбек бұл жағдайды психологиялық тұрғыдан зерттеу үшін тәжірибе жасап көрді. нәтижесі қандай?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бүгінде көптеген казино мен букмекерлік кеңсе онлайн форматта жұмыс істейтіні белгілі. Олардың ресми сайтына тіркелу үшін жеке басты куәландыратын құжат қана қажет. Аккаунт ашқан соң кез келген матчқа бәс тігу мүмкіндігі ұсынылады.
Мәселен мен 10 мың теңгемді екі еселегім келеді делік. Бірақ 10 мың емес, 1000 теңгемді мына бір футбол матчына қояйын. Ойын нәтижесі санаулы минуттардан кейін белгілі болады. Күтейік.
Осы аралықта адам түрлі эмоцияға бөленеді. Менің жағдайымдағы ойлар: мың теңге қайда кетпей жатыр?! Бұл ақшаны түскі асыма жұмсасам да болар еді. Нәтиже ойдағыдай шықса, жолымның болғыштығын білдіреді. Сәттілік менің жағымда.
Өкінішке қарай ма, әлде қуанышыма орай ма, тіккен 1 мың теңгем желге ұшты. Жеңіске жеткен жағдайда да: «Неге мен көбірек ақша құймадым» деп іштей өкініш сезімі туарын қазірден-ақ біліп тұрмын. Алдын ала дәмелену сезімі расымен миға дофамин гормонын береді. Таяқтың қай ұшын алсаң да, құнығу түбі – құрдым. Мұның салдары жаныңыздағы жақын адамдарыңызға да кесірін тигізбей қоймайды.
XXI ғасыр дерттерінің ішінде емделуі жағынан ең қиыны – лудомания. Психологиялық ауытқуды бір ғана жолмен жеңуге болады. Құмар ойынға мүлде жоламау. Жолаған жағдайда алғашқы бәстің нәтижесі қандай болса да, екінші мәрте ойнамау. Бұл қағидат бұзылса, тәуелділікті тоқтату бір мұңға айналады. Психологтар мен психотерапевтер осылай дейді.
Серікгүл Сәли, психолог:
- Лудомандармен жұмыс істеу қиындау. Өйткені олардың қиялы – иллюзия. Ол кісілердің иллюзиялары ауырлау, күрделілеу болады. Наркомандарға сырттан доза келіп тұрса, ал лудомандарға сырттан келіп тұрған доза жоқ. Олардың сезінетін эмоциялары сыртқы күшсіз өз организмінде болғандықтан, олардыкі күрделілеу.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Жеңіл ақша табамын деп өмірден жеңіліп жүргендер қазір қаншама?! Еңбекпен тапқан нәпақаңыз көп болмаса да, ең бастысы, берекесін берсін.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы