Қазақстанда жарты миллионға жуық адам құмар ойынның құрығына іліккен
Елде жарты миллионға жуық азамат құмар ойын ойнайды.
Олардың 15 мыңында тәуелділік болуы мүмкін.
Ақылға келіп, бәс тігуден өз еркімен бас тартқандар да бар. Бірақ соның 269 мыңының ғана шектеуі күшінде. Бұларды тежейтін бір амал - бірыңғай есепке алу жүйесі жұмыс істейді. Жүйе құмар ойынға әуес адамдарды ойынға қатыстырмайды.
Қайрат Берікбол құмар ойынның құрығына студенттік шақта түскен. Футболға қызыққан ол, алғашында достарымен бірге матчтарды тамашалап, кейін ойындарға бәс тіге бастаған. Мұнысын алғашында жай қызығушылық деп ойлаған. Уақыт өте келе тәуелділік күшейіп, 10 миллион теңгеден астам қарызға батады. Тіпті бәс тігу үшін үйіндегі заттарын сатып, ұрлыққа да барған. Бір сәттік ұтысқа деген үміт оны қайта-қайта ойынға итермелеп, жағдайды одан әрі ушықтырды.
Қайрат Берікбол, көмек оңалту орталығының кеңесші-аддиктологы:
- Мысалы, менің өзімнің тәжірибемде есірткі болды. Ішімдік те болды, ойын да болды. Ұйқымнан тұрсам, телефонымда бір он-он бес қоңырау, бәрі мені іздеп жүр, қарызымды қайтар деген қоңырау. Үйдегілерім айқай-шу шығарып жатыр: «Сен қайдасың? Үйге қайт!» деген сияқты. Бұдан шығудың жолы келесі кезекі бәсті тігу, ставканы қою, ақырын-ақырын бұдан шығуға болады дейтін сондай бір алдамшы сезім болды.
Бүгінде кейіпкеріміз өзі ем қабылдаған орталықта кеңесші-аддиктолог болып жұмыс істейді. Тәуелділіктің бірнеше түрін бастан өткерген ол бір жарым жыл бұрын қалыпты өмірге оралған. Қазір психолог мамандығын да меңгеріп жүр. Ендігі мақсаты - өз тәжірибесімен бөлісіп, өзгелерге көмек көрсету. Қазір мұнда қырыққа жуық азамат ем алып жатыр.
Қайрат Берікбол, көмек оңалту орталығының кеңесші-аддиктологы:
- Медициналық тұрғыда айтқанда, адам баласын ұйқысынан тұрғанда мына өмірге құлшындыратын бұл гормондар. Қарапайым адамдарға белгілі бір межедегі бір гормондар күнделікті өмір сүруге жеткілікті. Ал лудомандар мынау ойын ойнау кезінде, ұтысқа қол жеткізген кезде сол бір гормондар асқақтап, шектен тыс бөлініп кетеді де бұлар сосын соған тәуелді болып қалады. Қарапайым өмір олар үшін бір адам төзгісіз бір хәлге жетеді деп айтсақ болады.
Мемлекет құмар ойын нарығын бақылауды күшейтті. Шетелдік онлайн-казинолардың қызметіне тосқауыл қою үшін заңсыз сайттар бұғатталып, төлем арналары шектеледі. Бұдан бөлек елде құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынған. Заңсыз платформаларға ақша аударымдарын банктер мен қаржылық мониторинг агенттігі қадағалайды.
Нұрмет Базыл, құмар ойындарды мониторингілеу және талдау орталығының бас директоры:
- Бүгінге дейін шамамен 211 мың заңсыз сайттың қызметі тоқтатылды. Қазір ай сайын 40 мыңға жуық интернет ресурс бұғатталып жатыр. Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылғалы 220 мыңнан астам азаматқа құмар ойын ойнауға шектеу қойылды. Бұл шаралар заңсыз ойын платформаларының қызметіне тосқауыл қойып, оны бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін букмекерлік кеңселер әр адамның құмар ойын ойнауға құқығы бар-жоғын өздері қадағалайтын. Енді жаңа жүйе әр бәс алдында азаматтың деректерін жіті тексереді. Егер ойынға тыйым салынса, жүйе қаражатты қабылдауға жол бермейді. Ал талапты бұзған букмекерлік кеңселер жауапқа тартылады.
Авторы Дильназ Тұразыева