Елімізде 2036 жылға дейін 300 жаңа локомотив жолға шығады
Шойын жолға 2036 жылға дейін 300 локоматив шығады, деп хабарлайды 24kz.
Қосалқы бөлшектерден бастап тұтас тепловозға дейін Астана іргесіндегі зауытта құрастырылады. Технологиясы америкалық Wabtec компаниясы. Айта кетейік, аталған компания ел нарығында ертеден бар. Бірақ екі жыл бұрын локоматив құрастыру зауытын сатып алып, толық қожайынына айналды. Осы себепті жыл сайын 30 тепловоздан шығару жаңа келісім негізінде іске асырылады. Енді локомотивтердің ескілерден ерекшелігіне тоқталайық. Алдымен дизель отыны шығыны азаяды. Жүк вагондарын тарту күші басым. Ал, егер келешекте жанармайдың басқа түрімен жүру тиімді болса, оған да бейімделе береді. Машинистер үшін де жанға жайлы жағдай жасалған.
Мұратжан Бекетов, машинист:
- Кондиционер бар. Плиткамыз бар, тоңазытқышымыз бар. Алдында қадағалап отыратын камерамыз да бар. Айнамыз бар. Ескі тепловоздарда әр жерде тоқтап, май, суды қолмен құятынбыз. Қазір мұнда шығын жоқ.
Асан Үмбетов, «ҚТЖ – жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Ескі 70-80 жылдары шыққан локомотивтердің барлығы бұған дейін 36-40 сағат сайын ремонтқа кіріп жөнделді. Ай сайын жөндеуге кіріп, ағытылатын. Қазіргі жаңадан алынған, бүгінгі жүріп жүрген локомотивтердің барлығы 90-120 тәулік ішінде жөндеуге ағытылады. Қалған уақытта эксплуатацияда.
Жалпы Қазақстан теміржолының көлік паркінде 2 мыңға жуық техника бар. Оның ішінде электровоз, тепловоз және маневрлік локомотивтер. Бұлар бірте-бірте жаңартылып жатыр. Келер жылы саны 580-ге жетеді. Тараптар ұзақ мерзімді келісім бекітті. 4 млрд 200 млн доллар қаржы тартылып, бұған заманауи жылжымалы құрам және кепілдендірілген сервиспен қамту мәселесі шешілді. Тарқата айтсақ, локомотив құрастырудан тыс, Кinetix цифрлық жүйесі жеткізілмек. Бұл жылжымалы құрамды есепке алу, бақылау және диагностикалау үшін керек. Сосын 3 жылда тежегіш цилиндрлер мен компрессорларды күрделі жөндеу көзделген. Шалғайдағы сервистік орталықтардың қызметкерлері үшін әлеуметтік нысандар салынады. Айтпақшы, ТМД және таяу шетелдерге 42 локомотив экспортталған.