Трактор тізгіндеген әже техника тілін біледі

Ел арасында «тракторшы апа» атанған Шәкира Ыдырысова ауыр техниканың тілін тапқан.

Жасы жетпіске таяса да әлі күнге дейін жер жыртып, егіншілікпен айналысады. Бұл шаруаға балаларын да баулыды. Қазір отбасылық кәсіпті дамытып отыр.  

Шыңғыс Қалиден, тілші: 

- Еңбекті ту еткен Апарбаевтар әулеті Қаратал ауданындағы Айдар ауылында тұрады. Биыл олар 20 гектарға жүгері мен қант қызылшасын септі. Егіншілікті кәсіп еткен жандар қазір күзгі жиын терін науқанына дайындалып жатыр. Ауқымды жұмысты Шәкира апамыздың өзі үйлестіреді. Апа-ау, еңбек ретті, өнім берекелі болсын.

- Әумин. Ел ырысы еселенсін. Биылғы диқандардың қамбасы астыққа толсын. 

Шакира апа тракторды тізгіндеп егістік алқабына қарай шықты. Ауыл шаруашылық техникасын жүргізу оның бала күнгі арманы еді. Себебі қазақтың тұңғыш механизаторы Кәмшәт Дөненбаеваға еліктеп өсті. 18 жасынан бері көлік жүргізіп, ауыр жұмысқа араласқан ол жер дегдісімен енді тәтті түбір жинауға кіріспек. 

Шәкира Ыдырысова, шаруа қожалығының жетекшісі: 

 - Бұл дәнді дақылды алу үшн адамға ең бірінші  еңбекті сүю керек. Еңбектен қорықпау керек. Біз осы дәнді дақылды алу үшін біз өзіміз механизатормыз, өзіміз агрономбыз. Осы ауыл шаруашылығын сүйгендіктен жақсы көргендіктен күні бүгінге шейін 70-ке таяп қалсам да бір жағына шығып қолғабыс қылып, жүгіріп көмектесіп жүрген жайым бар.

Шәкира апа ұзақ жыл бойы зоотехник болып еңбек етті. Ауыл-аймақтағы ірі қараны асылдандырып, механизатор ретінде де ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосты. Кейін қожалық  құрып, малды көбейтті. Қазір егіншілікпен айналысады. Одан бөлек аналар және әжелер  бірлестігімен қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.

Алмахан Шакиева, "Асыл қазына" әжелер ансамблінің жетекшісі:

- 22 жылы мәдениет үйі ашылды. Сол мәдениет үйінде әжелер ансамблін құрайық деген алғашқы ұсынысты да маған Шәкира апа айтқан болатын. Сол идея іске асып, күндердің күнінде мәдениет үйі ашылмай жатып әжелер ансамблін құрып алдық. Жастарға әдет-ғұрып, тіпті қазақтың ұлттық киімін, сөйлейтін шешендік сөздеріне дейін үйрету басты мақсатымыз. 

Асылхан ата мен Шәкира апаның шаңырақ көтергеніне жарты ғасырға жуықтады. Отағасы да аса еңбекқор жан. Небәрі 17 жасында бас болып  өз күшімен баспана салған. Әулет күні бүгінге дейін сол қара шаңырақта тұрып келеді. Кейінгі жылдары қарияның денсаулығы сыр берген. Соған қарамастан ол бау бақша егіп, ұлдары мен қызынан тараған немерелерін еңбекке баулып жүр.

Асылхан Апарбаев, Айдар ауылының тұрғыны: 

 - Егістігім бар. Картошкам бар, қырыққабат, клубника, груша бар. Қараймын осы зейнетке шыққалы. Денсаулықтарына зиян болмасын деп өзім өсірген беремін дегем.

Әдемі Асылхан, немересі:

- Атам апам бізді еңбекке баулыды өздерімен бірге алып жүреді. Кеңестерін айтады. Білім жағынан көбінесе. Оқыңдар әрқашан білім керек болашаққа керек дейді.

Шәкира апа жайдары мінезімен, ақылымен отбасының ұйытқысына айналған жан. Ал Асылхан ата әулеттің тірегі, асқар тауы іспетті. Адал еңбекпен ғұмыр кешіп келе жатқан жандардың өнегелі өмірі көпке үлгі. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев