Ақмола облысында тері өңдейтін жаңа зауыт ашылды
Ақмола облысының Ақкөл ауданында ірі қара мал мен жылқы терілерін өңдейтін зауыт ашылды. Мұнда теріден жоғары сапалы жемшөп қоспаларын өндіру үшін пайдаланылатын табиғи мал ақуызы алынады. Қазіргі уақытта өнім ұнтақ түрінде шығарылып жатыр, болашақта зауыт түйіршік түрінде өндіруді жоспарлап отыр. Дайын өнім ірі мал бордақылау алаңдарына, сондай-ақ балық және құс шаруашылықтарына жеткізілмек. Мұндай өнім жануарлардың қорегін жақсартып, олардың тез өсуіне және денсаулығының нығаюына ықпал етеді. Жоба «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландыруымен бар болғаны алты ай ішінде жүзеге асырылды.