KEGOC Жамбыл облысында ауқымды жобаны іске асыруды бастады
KEGOC компаниясы Жамбыл облысында ауқымды жобаны іске асыруда, деп хабарлайды 24kz.
Ол елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі оңтүстік аймағының электр желісін күшейтуге бағытталған. Мұндай жаңғырту елдің оңтүстік өңірлерін энергиямен жабдықтау сенімділігін арттырады және оңтүстік аймақтың энергия қауіпсіздігін нығайтады.
«Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы бойынша KEGOC компаниясы кернеуі 500 килоВольт және ұзындығы 475 шақырым болатын «Шу – Жамбыл – Шымкент» жаңа электр беру желісін салуды жоспарлауда. Сонымен қатар 3 тораптық қосалқы станцияны кеңейту көзделген. Олардың бірі – «Шу 500» киловольт қосалқы станциясы.
Ерік Серікбайұлы, «KEGOC» АҚ «Алматы ЖЭТ» филиалы директорының орынбасары:
- Қауіпсіздік және құрылыс, экологиялық нормаларды сақтай отырып, кестеге сай жұмыс істелінуде. Қазір біз 500 килоВольттік қосалқы станциясында кеңейтіліп жатқан аумақта тұрмыз. Бүгінгі таңда жоспарлау жұмыстары аяқталып, жаңа желі қосылатын қабылдау порталдары орнатылған және де 500 киловВольттық реактордың 4 фазасы орнатылғанын көрудеміз. Бүгінгі күні коммутациялық жабдықтар монтаждалуда.
Жобаның жалпы құны– 154 миллиард теңге. Олардың басым бөлігі KEGOC компаниясының меншікті қаражаты, ал қалғаны халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған несие.
Утсав Кумар, Азия даму банкі Қазақстандағы кеңсесінің басшысы:
- Біз KEGOC компаниясының серіктесі екенімізді мақтан тұтамыз. Электр желісін күшейту елдің оңтүстік өңірлерінің тұтынушыларын үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды іске асыру үшін электр беру желісін жаңғырту және кеңейту қажет.
Барлық монтаждау және құрылыс жұмыстарын тек қазақстандық компаниялар жасайды. Қосалқы станцияны кеңейтуге арналған ірі жабдықтар отандық тауар өндірушілерден сатып алынды. «Шу-500» килоВольт қосалқы станциясындағы жұмыс кесте бойынша жүргізілуде. Құрылысты жарты жылға ерте, яғни 2027 жылдың ортасында аяқтау көзделіп отыр.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділдә