Әмірлікте суды ысырап ету деңгейі кеміген
Су пайдалану көрсеткішін 21 пайызға қысқартып, қайта тазаланған тіршілік нәрін тұтыну деңгейін 95 пайызға көбейту.
Біріккен Араб Әмірліктері ақылды және жоғары технология көмегімен 2036 жылға дейін осындай мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін ел билігі су тарату желілеріне жаппай есептегіш құралдар орната бастады. Мақсат - құбыр бойында судың ысырапқа айналуын болдырмау. Кейінгі жылдары ахуал оң бағытқа қарай өзгерді. Мәселен, 2023 жылы елдің су тарату желілеріндегі тіршілік нәрін жоғалту мөлшері 4-5 пайыз шамасында болды. Әмірлікте қазір тіршілік нәрін бірнеше кезеңдік сатымен тазартып, қайта қажеттілікке жарату ісі кең танылып келеді. “Әсіресе қоғамдық орындарды көркейту, көгалдандыруға оның тиімділігі орасан”, дейді мамандар. Ал егін шаруашылығында бұл үдеріске әлдеқашан кірісіп кеткен. Суды тиімді пайдалану әдісімен шаруалар тіпті шөлейтті жерде бұрын-соңды өспеген жеміс-жидек өндіріп жатыр.
Юсеф Элоджейми, жылыжай басқарушысы:
- Біздің жер шөлейт болғандықтан қандай да бір егін егуге келгенде «гидропоника» көмегіне жүгінбеске болмайды. Электр энергетикасын көп қажет етсе де одан тиімді әдіс жоқ. Жылыжайларымыз жаппай соған көшкен. Тіршілік нәрі қажет мөлшерде беріліп, ысырап етілмейді. Мына жерде тұрған жеміс-жидектің барлығы сол әдіспен өсіп өнген.