Павлодарда қалдықтармен жұмыс істейтін кәсіпорынға 28 млрд теңге айыппұл салынды
Павлодарда қалдықтармен жұмыс істейтін кәсіпорынға 28 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Себебі көмілген қалдық көлемі белгіленген лимиттен асып кеткен. Ал жыл сайын көмуге рұқсат етілген қалдық көлемі 170 мың тоннадан аспауы тиіс.
Табиғатты қорғау прокуратурасының талапхаты негізінде жүргізілген тексеру барысында «ЭкоӘлем-ПВ» Серіктестігінің 200 мың тонна қалдықты лимиттен тыс орналастырғаны анықталды. Құзырлы орган экологиялық заңнама талаптарының бұзылуына байланысты әкімшілік іс қозғады. Қалдық жинаумен айналысатын кәсіпорын Экология департаментінің шешімімен келіспей, сотқа шағым түсірген. Алайда сот департаменттің әрекетін заңды деп тауып, салынған айыппұл көлемін өзгеріссіз қалдырды.
Әсет Сыздықов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- 2024 жылы табиғатты қорғау прокуратурасымен қалдықтармен жұмыс жасау бойынша сараптама жасалған болатын. Сол анализдің есебі негізінде экология департаментінің адресіне тексеру жүргізу бойынша талап хат жолданған болатын. Анализде анықталған заңбұзушылықтар бойынша Экология департаменті тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексерудің нәтижесінде «ЭкоӘлем ПВ» ЖШС-не қатысты айыппұл салған болатын. Айыппұлдың көлемі 28 млрд теңгеден астам қаржыны құрады.