Шымкентте әлеуметтік дүкен көбейеді
Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін сауда нүктесі көбейтілді. Халқы тығыз орналасқан шағын аудандарда 14 дүкен ашылып, өндіруші тауары тікелей сауда сөресіне жеткізіліп жатыр.
Ет, сүт, ұн мен нан өнімдерінің бағасына арнайы мониторингтік топтар бақылау жүргізеді.
Алты баланың әкесі Нұржан Омаров әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұтынушысы. Айтуынша, мұнда күнделікті ас-ауқатқа қажетті ұн, нан, күнбағыс майы, құмшекер мен көкөністер нарықтағы өз бағасынан арзанға саудаланады.
Нұржан Омаров, қала тұрғыны:
- Қалтаға қонымды. Басқа дүкендермен салыстырып көрдік. Бағасы арзан болғандықтан осы жерден аламыз. Басқа жермен сапасы бірдей. Жақсы.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін осындай 14 сауда нүктесі іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы екі есе көбейту жоспарланған. Сала мамандарының айтуынша, азық-түлікті өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізу арқылы баға саясатын бақылауға болады. Ол үшін алдын-ала айналым қаражатын қолдау механизмі енгізілген.
Талғат Мекенбаев, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:
- Бұл жерде ең басты мақсат өндіруші өзі немесе ірі сауда желісі болуы керек. Бүкіл әлеуметтік тауары бар. Сол бағамен сата алуы маңызды. Бізде оларға көмек береміз. Олар да өзінің жауапкершілігін танытады.
Өңірде 42 сауда желісінде азық-түлік бағасы төмендетілді. «Береке fest» акциясы аясында арнайы аймақтар ұйымдастырылып, жыл соңына дейін отандық өндірушілердің өніміне жеңілдіктер ұсынылады.
Асан Рашидов, супермаркеттер желісінің бас директоры:
- Біздің барлық сауда желіміз осы акцияға қосылды. Тұтынушылар саны көбейді. Сұраныс мол. Бізге де пайдасы тиіп жатыр.
Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін әлі де негізсіз қымбаттатушылар кездеседі. Өңірлік комиссия өкілдерінің тексерісі нәтижесінде осындай 225 кәсіпкерлік субъектісі анықталды.
Оспан Әбиев, қалалық Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
- Бізде көбінесе үй маңындағы дүкендер әлеуметтік маңызы бар тауардың үстеме бағасын 15% артық сатады. Конкуренция жоқ. Сол себепті қымбат сатуда деп ойлаймын. Біздің департамент тарапынан, өңірлі комиссия тарапынан айыппұл салу ғана емес, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге қатысты қатаң шаралар қабылданды. Енді бұрынғыдай ескерту жасалмайды. Бірден 5 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық мөлшерге дейін айыппұл салынады. Сала мамандарының айтуынша, жаңа тәртіп бағаны бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов