Қарағандылық зейнеткер 75 жасында домбыра тартуды үйренді
Лидия Норкина қазақтың ұлттық аспабына қызығып, белсенді ұзақ өмір сұру орталығындағы үйірмеге жазылыпты, деп хабарлайды 24kz.
Қазір біраз күйді шебер ойнайды.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Лидия Норкина Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Алматыға 14 жасында келіп, қазақтың салт-дәстүріне, мәдениетіне қанығып өскен. Домбыра бала күннен жанына жақын болыпты. Балабақшада, кейін тігін фабрикасында жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Бір жыл бұрын белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы үйірмеге жазылыпты. Қазір онға жуық күйді орындай алады.
Лидия Норкина, қала тұрғыны:
- Маған домбыра ерекше ұнайды. Қоңыр әуезді дыбысы ерекше. Тыңдап отырып қазақтың кең даласын, бауырын жаза шапқан сәйгүліктерді елестетем. Бұл – көңіл-күйге ерекше әсер ететін аспап. Төгілдірте тартқанда делебең қозады, кейде терең ойға жетелейді. Аспапты барынша меңгергім келеді. Өте күрделі, бірақ тырысып жүрмін.
Орталықта бірер жыл бұрын «Сәулем-ай» арадгерлер хоры құрылған. Биыл өнер ұжымы облыстық байқауда жеңімпаз атанды. Лидия әжей де замандастарымен бірге қоғамдық жұмыстарға, мәдени шараларға белсенді түрде қатысады.
Маратбек Өнерхан, домбыра үйірмесінің мұғалімі:
- Бұл кісінің домбыраға деген қызығушылығы өте керемет. Өзіне арнап домбыра аспабын сатып алды, үйінде дайындалады. Көптеген шығармаларды үйреніп жатырмыз. Ұлттық сазгерлеріміздің күйлері бар, сонымен қоса, халық әндері бар, басқа ұлттардың да әуендерін үйренеміз. Бұл кісілер сабаққа келгенде керемет көңіл-күймен келеді.
Жалпы орталықтағы әр адам ерекше. Олар ұзақ жасаудың сыры- өнер мен спорт, жаныңа жақын дүниемен айналысу деп біледі. Белсенді өмір сүру орталығында үстел теннисі, гимнастика, би, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері бар. Қарттарға компьютерді, мобильдік қосымшаларды, тілдерді үйрететін мамандар, психолог жұмыс істейді. Қала бойынша 6 филиалы бар орталыққа 2300 адам келіп тұрады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков