Қарағанды облысында темір мен марганец заңсыз өндіріліп, үш карьер қазылған

Фото: ЖИ

Қарағанды облысында темір мен марганец кенін заңсыз өндіру фактісі анықталды. Заңсыз жұмыстар Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында жүргізілген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

 Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз кен өндіруді «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС-лерінің директоры ұйымдастырған. Жұмыстар жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген.

Кен орындарын игеруге жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техника тартылған. Атап айтқанда, экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар пайдаланылған. Өндірілген кен ұсатылып, кейін сату мақсатында теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты едәуір көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды. Қазылған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

Мамандардың бағалауынша, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 миллион теңге қажет.

Сот санкциясымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: