Қарағанды облысының халқы түгел ауыз сумен қамтамасыз етіледі
Жыл соңына дейін Қарағанды облысының халқы түгел таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Президент тапсырмасы бойынша өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы Бұқар-Жырау ауданында 6 ауылда орталықтандырылған су жүйесі жоқ болатын. Мәселені жергілікті билік дәстүрлі әдістермен қатар жасыл технологияны пайдалана отырып шешіп жатыр.
Бұқар-жырау ауданының Алабас ауылында сумен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Мұнда күн батареялары арқылы жұмыс істейтін су тазартқыш модуль орнатылды. Әрқайсысы 550 ваттық 31 панель кешенді толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Жүйе толығымен автоматтандырылған. Тұрғындарға тіршілік нәрі тегін беріледі. Көршілес Ескі Тұзды ауылының да су мәселесі шешілген.
Айнұр Тарғауытова, Ескі Тұзды ауылының тұрғыны:
- 22 ғана адамы бар он үйге бұрын мынадай су тазарту қондырғысы қойылғанын естімеп едік. Биыл міне көзімізбен көріп отырмыз. Соған өзіміз қуанып отырмыз. Тек қана бұл ауыл ғана емес, мына көрші ауылдан да келіп осы жерден су алуда.
Бірінші май ауылында да таза су енді әр үйге жетті. Мұнда 6 шақырым жердегі кәсіпорыннан құбыр тартылған. Жалпы Қарағанды облысында халықты ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы үздіксіз жалғасып жатыр. Қазір өңірдегі қалалардың 99 %-і, ал ауылдардың 98 %-і таза сумен қамтылған.
Бақытбек Ақпаров, облыстық энергетика және ткш басқармасының бөлім басшысы:
- Облыста 8 қала және 342 ауыл бар. Жүз пайыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Теміртау мен Қарағанды қаласында 6 жоба жүзеге асырылуда. Ауылдық жерлерде құбыр тарту бойынша 16 жоба, модульдер орнату бойынша 45 жоба жүзеге асырылуда.
Сапалы сумен қамту өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартудың басым бағыты. Барлық жұмыс желтоқсан айында аяқталуы тиіс.
Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит