Елде роботтар операция жасайды

Елде робот-дәрігерлер операция жасап жүр.

Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында құлтемір науқастарға эндо-протез орнатады. Мамандардың айтуынша, ол жүктелген міндетті тез әрі сапалы атқарады. Операциядан кейін науқастар емін-еркін жүре бастаған. 

Құлтемірлерді енді күнделікті күйбең-тірліктен ғана емес, ауруханада ақ халатпен көрсеңіз таңғалмаңыз. Адам құрастырған роботтар енді адамның өзіне операция жасай алатын болды. Астанада тізе мен жамбас буыны сыр берген жандарға олар санаулы минутта эндопротез орнатып жатыр. Әрине, операция барысы хирург пен көмекшілерінің бақылауында болады. Дегенмен құлтемір негізгі жұмысты тиянақты әрі тез атқара білген.

Ольга Шейко, Павлодар облысының тұрғыны:                                     

- Бүгін операциядан кейінгі алтыншы күн. Ешқандай ауырсыну байқалмады. Көңіл күйім керемет. Роботтың операция жасайтынын білгенде уайымдағаным рас, бірақ тиімді екеніне көзім жетті. 7-8 жылдан бері екі бірдей жамбас буыным сыздайтын. Операция әзірге біреуіне ғана жасалды. Оңалтудан кейін екінші буынға эндопротез салдырамын.

Робот алдымен компьютерлік томография мен телерентгенограммаға қарай тиісті өлшемдерді алады. Соған байланысты эндопротезді дәлме-дәл орнатып береді. Жыл басынан бері бұл орталықта роботтың көмегімен 70-тен астам операция жасалған. Науқастардың арасында қазақстандықтармен қатар, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей азаматтары бар.

Владимир Басенцяг, Ресей азаматы:

- Менің екі тіземе бір уақытта операция жасалды. Қазір ем-дом алып жатырмын. Қазақстандағы ауруханаларда заманауи құрылғылар қолданылады. Соның нәтижесінде медициналық қызмет сапасы артып жатыр. Дәрігерлерге алғысым шексіз.

Дәрігерлердің айтуынша, дәстүрлі әдіспен эндопротез орнату кезінде науқас шамамен 100-150 мл қан жоғалтады. Ал роботтың көмегімен жасалатын операция кезінде бұл мөлшер 3 есе азаяды екен. Отандық мамандар құлтемірлерді қолдану бойынша шетелде тәжірибе жинап қайтқан.

Абылай Садықов, Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігері:

- Робот-ассистенттің көмегімен эндопротездер 25-30 минутта қойылады. Уақыт үнемделеді. Ал мануалды түрде 40-50 минуттың көлемінде. Өйткені даярлығы бар. Орнықтыру бар. Сонымен қатар бұл жерде өлшемдер. Көбіне өлшемдерге уақыт көп кетеді. Адами тұрғыда әрбір градусты өлшейміз, әрбір буынды қараймыз. Ал бұл жерде робот бәрін бізге алдын ала дайындап береді.

Елдегі жетекші медициналық мекемелер роботтарға басымдық бере бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында алғаш рет құлтемірдің көмегімен операция сәтті жасалды.

Ал Президенттік іс басқармасының медициналық орталығы мен Шығыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған медициналық орталығында роботты хирургия жүйесі қолданылып жатыр.

Авторы: Еркебұлан Смадияров