ШҚО-да жаңа туристік бағыт ашылады

Шығыс Қазақстан облысында Марқакөл мен Қытайдың Қанас көлі арасында трансшекаралық туристік бағыт ашу жоспарда тұр.

Ұзындығы 300 шақырымнан асатын бұл маршрут екі елдің туризмін дамытуға серпін береді. Алайда ол үшін Ұранқай – Төсқайың – Шанағаты ауылдары мен Қытайдың Майқаба ауылына дейінгі тозығы жеткен 88 шақырым автожолды жөндеу қажет. Құрылысқа қытайлық кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр. Жақында өткен «Алтай Инвест» халықаралық форумында осы бағыттағы екіжақты келісімге қол қойылды.

Нұрбек Тұраров, ШҚО Жолаушылар көлігі және АЖ басқарма басшысының орынбасары:

- Құрылыс құны 62 млрд деп болжамдалады. Қазір жобамыз қолымызда жоқ. Әкімдік өз тарапынан жобалық сметалық құжат әзірлейді және үкіметпен осы жобаға кепіл қаражат бөлу мәселесін пысықтайды.