Президент: Адал еңбектің бәрі маңызды

Елде жұмысшы мамандық иелерінің жалақысы екі есе артты, деп хабарлайды 24kz.

Соңғы 4 жылдағы көрсеткішті сараптасақ, қазір еңбекақы көлемі 900 мың теңгеге жуықтаған. 

Айта кетейік, Жұмысшы мамандықтар жылында қоғамның адал еңбек иелеріне деген құрметі еселенді. Ал мемлекет: «Қарапайым жұмысшылар ең жоғары деңгейдегі марапатқа лайық», - деп шешті. Сол себепті, оларға биыл алғаш рет мемлекеттік наградалар табыстады. Мамандар кейінгі 4 жылда қарапайым жұмысшылар жалақысы екі есе өскенін мәлімдеді. Осы еңбек иелеріне тағы қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Елде 2,5 млн-нан астам жұмысшы мамандық иелері бар. Олар күн сайын түрлі еңбек, өндіріс ошақтарында тер төгуде. Арасындағы энергетик, кенші, шахтерлер тіпті қауіп-қатерге тайсалмай, адал еңбекті абыроймен арқалап келеді. Сол арқылы ел экономикасын нығайтуға үлес қосуда. Президент: «Адал еңбектің бәрі маңызды», - деді.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.

Жуырда бульдозер машинисі, көлік механигі, өңдеу цехының токарі секілді ондаған жұмысшы ең жоғары деңгейде марапатталды. Бұл – биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы нақты қолдаудың айшықты белгісі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» қағидаты мемлекеттік саясатымыздың өзегіне, қоғамның дамуына ықпал ететін тікелей негізгі бағдарымызға айналды. Сіздер кәсібилік пен еңбекке деген адалдықтың үлгісін көрсетіп, қуатты экономика құруға атсалысып келесіздер. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталып отыр.

Ал, осы жұмысшы мамандықтарының жалақысы қанша? Ұлттық статистика бюросы ұсынған мына дерекке көз салайық.

«Мысалы, жылдың 2-тоқсанында Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында орташа айлық 880 мың теңгеден асқан. Өнеркәсіпте 604 мың теңге, өңдеу өнеркәсібінде 522 мың теңге, көлік саласында 589 мың теңгеден асқан. Құрылысшылар орта есеппен 490 мың теңге айлық алады», - деп көрсетілген статистика мәліметінде. Айтпақшы, Еңбек министрлігі кейінгі 4 жылда жұмысшы мамандық иелерінің жалақысы 2 есе артқанын хабарлады.

Бағлан Қасенов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті директорының орынбасары:

- 2022-2025 жылдар аралығында төмен жалақы алатын қызметшілердің оның ішінде жұмысшы мамандықтардың жалақылары 2 есеге артты. Айта кететін болсақ, ол дәрекерлеушілер, аула тазалаушылар деген сияқты жұмыс істейтін азаматтар. Жалақылары соңғы 4 жылда екі есеге арттырдық. Өңірлерде қазір бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жұмыс беруші мамандықтарға жұмыс орындары ұсынылып жатыр.

Жұмысшы мамандардың жалақысын көтерумен қатар елде кәсіби стандарттарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл экономиканың 20 негізгі саласына қатысты 60 кәсіби стандарт әзірленді. Бұл еңбек ресурстарының сапасын арттыруға көмектеседі.

Сақыпжамал Сафарова, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті басқармасының басшысы:

- Болашақта маман оқудан өту арқылы жұмысқа орналасатын кезде қандай машықтарға ие болуы керек екенін білетін болады. Негізінен кәсіби стандарттар біліктілік талаптарын әзірлеу үшін қажет. Сонда жұмысшы өз құзіретін кеңейту үшін мотивация алады.

Жыл соңында өндірісті өркендетуге үлес қосқан еңбек династиялары марапатталады. Елімізде бір саланы таңдап, ұзақ жылдар бойы шахтер, ұста, электрші секілді ата кәсібін жалғап келе жатқан тұтас әулеттер бар. Сондай-ақ жиған-терген тәжірибесін өзінен кейінгі буынға үйреткен жетекшілер алған тәлімін бойға сіңіріп, сол арқылы көзге түскен жас жұмысшылардың еңбегін де жоғары деңгейде атап өту жоспарда бар.

Авторы: Рухани Әбдірахман