2030 жылға қарай елдегі маман ташылығы 1,8 млн адамға жетуі мүмкін

Қазақстанда кадр қат. 2030 жылға қарай елдегі маман тапшылығы 1,8 млн адамға жетуі мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе, техникалық білімі бар қызметкерлерге сұраныс сұрапыл. Ал жауаптылар қажеттілікті қамтамасыз ету үшін маман даярлау ісін ілгерлетуге бейіл.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Жыл сайын 150 мыңға жуық жас жұмысшы мамандықтарда білім алып, бітіріп шығады. Оның 80%-і өз біліктілігі бойынша жұмысқа орналасады. Сөйте тұра, нарықта техникалық білімі бар қызметкерлер қат. Айталық, елде 770 колледж болса, оның 600-ден астамы жұмысшы мамандарды даярлайды. Жауаптылар саладағы сұранысты қамтамасыз ету үшін білім гранттарын көбейтуге бейіл.

Санжар Тәтібеков, «Talap» КЕАҚ президенті:

- Жыл сайын өсім өсіп келе жатыр. Былтырғы жылы 143 мың болатын болса, биыл 150 мың грант бөлінді. Оның алдында 130 мыңға жуық грант бөлінді. Жылдан жылға 5-10 мыңға қажетті кадрларды даярлау бойынша сапасын жоғарлатудамыз. Енді басты мақсатбалалардың санын, гранттардың санын өсіру емес, оны сапалы даярлау.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Жұмысшы мамандар теориямен қатар тәжірибеде де төселуі керек. Сол үшін оқып жүріп, жұмыс істеуге де мүмкіндік қаралған. Қазір 130 мың жас тағылымдамадан өту арқылы өндіріс орындарында жұмыс істеп жүр. Оларға жалақы да қарастырылған. 

Санжар Тәтібеков, «Talap» КЕАҚ президенті:

- Тәжірибеден өту арқылы еңбек кітапшасы дейміз ғой, мұның еңбек өтіліне саналуы. Яғни, дуалды жүйенің аясында Еңбек кодексінде де жазылған, белгілі бір нормативтік құжаттарда да жазылған. Бұлардың еңбек өтілуі жеке, сонымен қатар ол ондай кәсіпорындарда жалақы алады. Мысалға, орташа есеппен 200-250 мың жалақы алатын студенттеріміз бар.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Сондай-ақ сапалы маман даярлау үшін инфрақұрылым да сай болуы қажет. Әңгіме оқу орындарының мүмкіндіктері жайлы. Осы мақсатта биыл 75 колледждің техникалық базасы жаңғыртылды. Яғни, білім алушылар өндірістік тағылымдамадан колледждерде өте алады.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Махмудов