Бұқтырма жағалауында салықтан жалтарғандар анықталды
Бұқтырманың жағалауында заңсыз қызмет көрсетіп отырғандар бар, деп хабарлайды 24kz.
Олар салықтан жалтару мақсатында демалыс орнын «саяжай» деп тіркеп қояды екен. «Осылайша, қулығын асырғандар жаз бойы қыруар табыс табады», - дейді салық саласының мамандары. Олардың айтуынша, бұл облыстың имиджіне нұсқан келтіріп қана қоймай, туристердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалар да ескерілмейді.
Бұқтырманың жағасы демалушылардың қолайлы орын. Аптап ыстықта бұл жаққа күніне жүздеген көлік ағылады. Алайда қаптаған демалыс базасының көпшілігі ресми органдарға тіркелмеген.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұқтырманың бойында демалыс орындары иін тіресіп тұр. Соған қарамастан бар болғаны 98 туристік база ғана тіркелген. Ал әр демалыс сайын бұл жаққа 60-70 мың адам кеп тынығады екен. Сонда осыншама кісі қайда сияды. «Бұл есеп-қисаптан жалтарудың бір дәлелі», - дейді мамандар.
«Табиғат аясындағы меншігін саяжай ретінде көрсетіп, кәсібін қыздырып отырғандар баршылық», - дейді жауаптылар. Сондықтан туристер демалыс нысанында емес, құжат бойынша «саяжайда» тынығып жатқанынан бейхабар.
Ерік Ерболатов, ШҚО Алтай ауданы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:
- Ақырғы мәлімет бойынша 52 жер учаскесі, жер телімі бар, оның 33-і жеке тұлғалардыкі. Оның арасында бір кісіде 13 жер телімі бар, оның мақсаты саябақ, саяжай ретінде. Бір кісіде 13 саяжай қалай болуы мүмкін, ол да күдік тудырады.
Амалын тауып салықтан жалтарғандардың талапқа сай қызмет көрсетпеуі де мүмкін. «Демалушылардың өміріне қауіп төніп, облыстың туристік беделіне де нұқсан келеді», - дейді жауаптылар. Дегенмен, заңды түрде ісін дөңгелетіп отырғандар да бар. Мұрат Сұлтанбеков біраз жылдан отбасылық кәсібін дамытып келеді.
Мұрат Сұлтанбеков, демалыс базасының жетекшісі:
- Ресми тіркеліп жұмыс істеп отырғандықтан, барлық ісіміз ашық. Яғни, демалуға келген адам үшін тиісті жағдайды жасаймыз. Бүкіл сертификатымыз қолымызда. Қажет десе шомылатын суға жүргізілген талдауды да көрсете аламыз.
Салықшылар жауапты сала өкілдерімен бірлесіп жағадағы нысандарды талай рет тексеріп шықты. Бұдан бөлек, салық органдарына тіркелудің жолдарын түсіндіріп, көшпелі семинар да өткізіп жүр.
Сайранқан Қабыш, ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
- Екі ай ішінде 377 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді, оның 72-і ғана туризм саласынан тіркелді. Енді осының нәтижесінде жыл аяғына дейін әкімшілендіру арқасында тағы салық түсімін ұлғайтамыз деп ойлаймыз.
Облыстың туризм саласында былтыр 377 демалыс базасы тіркелсе, биыл оның саны 400-ден асты. Бұл өлкеде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының бір нәтижесі. Бұндай іс шара әлі де жалғасады. «Себебі, көлеңкелі туризмнің жолын кесу үшін осыдан басқа амал да жоқ», - дейді сала өкілдері.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов