Биыл Абай облысында 23 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

Абай облысында мемлекеттен қолдау алып, кәсібін ашып жатқандар көбейген, деп хабарлайды 24kz.

Биыл 204 адам қайтарымсыз грант алып өз ісін ашуға мүмкіндік алады. Бұған қоса, жұмыссыз жүрген азаматтар кәсіптік оқудан өтіп жаңа мамандық алып жатыр. Биыл облыс бойынша 300-ден астам адам қысқамерзімдік курстан өтеді деп жоспарланған. Оларды тұрақты және субсидияланатын жұмыспен қамту көзделген. Осы күндері 162 адам түрлі мамандық бойынша білім алып жатыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Самал Жұғұбаева 51 жаста. Осыған дейін аспаз болып еңбек еткенін айтады. Уақыт өте келе мамандыққа сұраныс азайып, жаңа кәсіпті меңгеруге бел буған. Бұдан кейін мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, қысқа мерзімді оқудан өтті. Қазір ол кәсіби шаштараз.Самалмен бірге оқуға барған бес адам қазір бір шаштараз салонында жұмыс істейді. Әрқайсысы күніне бес адамға дейін қабылдай алады.

Самал Жұғыбаева, Семей қаласының тұрғыны:

- Үкімет бізге үш ай 85 мыңнан жалақы төледі. Ол бізге үлкен қолдау болды. Үш айдан кейін бізде практика болды. Қарттар үйіне бардық шаш қиюға көмек ретінде. Содан кейін осы жерде акциямен қабылдадық. Жасқа мүлдем қарамау керек. Қолдан келсе, қалауы болса болды, ары қарай жүріп үйрену керек. Үкімет қолдап, көмек көрсетеді.

Қысқамерзімді кәсіби оқу үш айға созылады. Алғашында қатысушылар теориялық білім алады, қалған 60 күнін тәжірибелік дағдыларды меңгеруге арнайды. Жалпы жыл соңына дейін 300-ден астам жұмыссыз азаматты оқуға жолдау жоспарланып отыр.

Еркебұлан Тұрсын, облыстық еңбек мобилділігі орталығының директоры:

- Негізінде қысқа оқыту курстары екі түрде өтеді. Бірінші ол жаңағы жұмыс берушінің өтініші негізінде оқыту орталықтарында ұйымдастырылады. Екіншісі жұмыс беруішінің базасында ұйымдастырылатын оқыту курстары бар. Жалпы кез-келген азаматты жұмыспен қамту мақсатында еңбек мобилділігі және мансап орталықтары әрбір қала, ауданда халықпен тығыз жұмыс жасап жатыр.

Қазір кез келген адам мемлекеттік қолдауға ие болып өз ісін аша алады. Тек тың идея мен ниет болуы керек. Былтыр облыс бойынша 300-ге жуық адам кәсіптік оқытудан өтті. 238-і жұмысқа орналасты. Биыл өңірде 23 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы