Digital Bridge: Астанада стартаптар көрмесі өтіп жатыр

Digital Bridge форумы аясында Астанада стартаптардың көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.

150-ге жуық IT компания мен мемлекеттік мекемелер озық цифрлық жобаларын қалып жұртшылықтың назарына ұсынды. Көрме-алаңда қазақстандық компаниялардан бөлек, Орталық Азия елдерінің павильондары құрылған.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жылдың айтулы оқиғасы саналатын Digital Bridge форумы көпшілікке осындай интерактивті жобаларымен қызық. Мәселен, осындай құлтемір итті геодезия саласында қолдануға болады. Немесе зағип жандардың қауіпсіздігі үшін қасында еріп жүретін көмекші қызметін де атқара алады. Сондай-ақ курьерлік қызмет үшін де тиімді. Стартаптар көрмесіне қатысушылардың бірі Нұрдәулет Жүзбай жеткізу қызметін анағұрлым оңтайландыру жолын ұсынып отыр.

Нұрдәулет Жүзбай, Mignon Robotics IT компаниясының инженері:

- Мынау біздің көрсетіп жатқанымыз дронопорт деп аталады. Киоск, үстіне қарасаңыз – үстінде дрон тұр ілініп, содан тапсырыс түседі. Сосын дронопорт ашылады. Ашылған кезде тапсырыс мына киосктің ішіне түседі. Ішіндегі робот оны сөрелерге реттейді. Бізде екі шешім бар қазір, адам өзі QR-ды скан жасап, өзі есік ашылып оны алып кете алады.

Айта кету керек, стартаптар көрмесі бірнеше тақырыптық аумаққа бөлінген. Гуманоид құлтемір, дрондар мен робот-иттердің бәрін робототехника аймағынан табуға болады. Бұдан бөлек, генеративті бейнесуреттер, арт-кескіндеме, жасанды интеллектінің фотоаймақтары, ВиАр ойындар және киберспорт аренасы ұйымдастырылған. Мемлекеттік және корпоративтік басқаруға арналған ІТ шешімдер келішулерге таныстырылып жатты.

Дина Сарақаева, Sapa Digital Communication it компаниясының директоры:

- Бүгінгі күні еліміздің нарығында отандық IT компаниялар жетерлік. Тіпті сапалы қызмет көрсететін әрбір екінші компания Қазақстанға тиесілі. Бұл әрине қуантпай қоймайды. Ал біз клинеттік базамен тиімді жұмыс істеу бойынша IT өнім ұсынып отырмыз. Яғни, клиенттердің сауалдарына дер кезінде жауап беріп, қажет болғанда оларға хабарласып кері байланыс орнатуға көмектесеміз. Біздің платформа барлық коммуникациялық процесті автоматтандырып, табыс табуға көмектеседі.

Cтартаптар көрмесі болашақ инвестормен байланыс орнатуға таптырмайтын алаң. Биометриалық анықтау жобасын ұсынатын «Алақан» компаниясы жылда Digital bridge-ге қатысып, жаңа серіктестер табады. Нәтиже жаман емес: бүгінде оның қауіпсіздік жүйесі 600 мектеп, 200-ге жуық бизнес орталық пен мекемелерге орнатылған.

Ислам Есенғазиев, Alaqan компаниясының мүшесі:

- Егер де ChatGPT-ге терсеңіз, ең қауіпсіз системалардың бірі – ол адамның алақан тамырын анықтау. Яғни, біз бұл системаны төлем үшін, туриникеттерде мекемелерге кіріп-шығу үшін пайдаланамыз. Кітапханаларда учет жасау үшін. Қазіргі уақытта экосистемамыз дамып кеткені соншалықты бірнеше продуктілерді бөліп, мектеп бойынша бөлек команда жұмыс жасап жатыр. Gov, HR бойынша бөлек команда жасап жатыр.

Компания бірнеше жыл бұрын Астана хаб баттлға қатысып, жүлдеге ілінген. Енді жас стартаптарға қолдау көрсетіп, кеңес беруден тартынбайды.

Айта кетейік, Digital bridge аясында дәстүрлі стартаптар байқауы биыл да ұйымдастырылды. Жартылай сынға 14 компания ілігіп, комиссия алдында жобаларын 2 минутта таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Жүлде қоры 100 мың долларын құрайтын байқаудың ақтық сыны қазанның 3-і күні өтеді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев