Бір мамандықты таңдаған егіздер
Павлодар облысында Ернар мен Ернұр Шаймардан қиындығы мол құтқарушы мамандығын таңдаған.
Қазір екеуі облыстық төтенше жағдайлар департаментінде адал қызмет атқарып жүр. Айта кеткен жөн егіздер тәуелсіз елдің төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылы дүниеге келген.
Ернар мен Ернұр құтқарушы болуды бала кезден армандаған. Бір-бірін әрдайым қолдап жүретін егіздер – бауырмалдықтың ғана емес, қызметке еген шексіз адалдықтың да үлгісі. Бастысы – мамандықты жүрек қалауымен, дұрыс таңдадық дейді олар.
Ернұр Шаймардан, Ақсу қалалық ТЖБ аға инженері:
- Мен ағаммен бірге жастайымнан өрт- құтқару спортымен айналыстым. Бірге жаттықтық, сол кезден бастап мен құтқарушы, офицер болуды армандадым.Қызмет еткен жылдар ішінде басқа салаға кету немесе мемлекеттік қызметке ауысу туралы ой мүлде болған емес. Бұл менің менің өмірлік таңдауым, менің кәсібім.
Ернар еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастаған. Айтуынша, осы ерлік мектебі мінезін шыңдап, төзімділікке тәрбиелепті. Қазір ол облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде қызметін жалғастырып жатыр.
Ернар Шаймардан, ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының маманы:
- Өрт сөндіру бөлімінде 2017 жылдан бастап жұмыс істеймін. Қызметім өрт-сөндіруші, құтқарушылықтан басталды. Мен Төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істеуді бала күнімнен армандадым. Өте қатты ұнайды.
Егіздің еңбегіне басшылық жоғары баға береді. Жауапкершілігі мол, білікті маман ретінде өзгелерге үлгі тұтады.
Асқарбек Омаров, облыстық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының басшысы:
- Ернұр мен Ернар біздің департаментте сегіз жылдан артық жұмыс істеп келе жатыр. Олар қарапайым, жақсы жігіттер, жұмыстарын біледі, айтқан жұмысты істейді.
Құтқарушы болу — өзгенің өмірі үшін өз басын тәуекелге тігуге дейін баратын аса жауапты қызмет. Ағайынды жігіттердің басты ұстанымы — кәсіби міндетке адал болу және жауапкершілік жүгін биік қою.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев