24 жыл құтқару қызметінде: Сергей Куликовтың еңбек жолы
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас құтқарушысы Сергей Куликов 24 жылдан астам уақыт бойы адам өмірін сақтап, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға атсалысып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Сергей Куликов еңбек жолында талай күрделі әрі қауіпті жағдайға тап болған. 2008 жылы ол қар құрсауында қалған адамдарды құтқару жұмыстарына қатысты. Қатты боран мен аязға қарамастан, құтқарушылар қиын жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсетті.
Ал 2010 жылы Сергей әріптестерімен бірге Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарына қатысты. Олар су басқан үйлерден тұрғындарды эвакуациялап, халыққа қажетті көмек көрсетті. Сондай-ақ үйлерден маңызды құжаттарды, жеке заттар мен мүлікті алып шығуға жәрдемдесті.
Құтқарушының күнделікті қызметі ірі төтенше жағдайлармен ғана шектелмейді. Кейде қарапайым тұрмыстық оқиғалардың өзі шұғыл әрекет етуді талап етеді. Сергей Куликов қызмет барысында пәтер ішінде қамалып қалған балаларға көмектесіп, арнайы құралдар мен кәсіби дағдыларды қажет ететін жағдайларда талай рет көмекке келген.
Қиын жағдайға тап болған жануарлар да құтқарушылардың назарынан тыс қалмайды. Сергейдің 24 жылдан астам қызметінде мұндай оқиғалар аз болмаған. Әрбір шақырту артында адам өмірі мен қауіпсіздігі, сондай-ақ қиын сәтте көмекке келетін мамандарға деген сенім тұр.
Қызметтен тыс уақытта Сергей Куликов – үш қыздың әкесі. Балалары әкесінің мамандығын мақтан тұтады. Олар құтқарушы жұмысының үлкен жауапкершілікті, батылдықты және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап ететінін жақсы түсінеді.
Құтқарушы – өз ерлігін алға шығармай, айналасындағы әлемді қауіпсіз етуге үлес қосатын адам. Олар өздерін батыр санамайды, тек өз жұмысын адал атқарады, – дейді Сергей Куликов.