ЖИ жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе?
Жасанды интеллект кез келген саланы өрге бастырады. Бірақ пайдасымен қатар, зиянын да парақтағанымыз жөн, - дейді мамандар.
Мәселен, осы нейронды желінің кесірінен алдағы 5 жылда еңбек нарығында кей мамандықтарға сұраныс күрт төмендеуі мүмкін.
«Жасанды интеллектінің кірікпеген саласы жоқ. Әсіресе кәсіпкерлер үшін пайдасы ұшан-теңіз. Ал бұқара үшін бөрікті аспанға атып, қуанатын жайт емес»,- дейді сарапшылар. Себебі: кейбір мамандар жұмыссыз қалады деген болжам бар. Дүниежүзілік экономикалық форумда хабарланғандай, жасанды интеллектінің кесірінен алдағы 5 жылда еңбек нарығы түбегейлі өзгереді. Ал 2030 жылға қарай кей кәсіп түрі мүлде қажет болмай қалады. Технологиялар алмастыратын мамандықтар қатарында, дизайнер, есепші, экономист тіпті заң кеңесшісі де бар.
2030 жылға қарай жойылып кетуі мүмкін мамандық түрлері:
қаржылық аудитор
есепші
экономист
заң кеңесшісі
колл-орталық операторы
дизайнер
агроном
риэлтор
хатшы
сауда қызметкері
Айна Задабек, «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы:
- Негізгі қазіргі уақытта шығармашылық сала мамандары жасанды интеллект мүмкіндіктерінен қорықпауы керек. Жасанды интеллект журналистер үшін, кез келген сала өкілі үшін ешқандай бәсеке емес, ешқандай қауіп-қатер емес, керісінше көмекші құрал. Өз басым барлық журналистерге медиамашина ретінде пайланауға рұқсат беремін. Бірақ міндетті түрде ол ақпаратты тексеру керек.
Иә, нейрондық желінің артықшылығы көп. Ол бірнеше адам істейтін жұмысты жалғыз өзі атқарып, осылайша жұмыс күшін үнемдейді. Біздің елде де кей компаниялар жасанды жадыға иек артып жатыр. Мәселен, жуырда «Самұрық-Қазына» қоры Мемлекет басшысына SKAI деп аталатын нейрожеліні таныстырды. Ол Директорлар кеңесінің дауыс беру құқы бар алғашқы цифрлық тәуелсіз мүшесі. Компания өкілдерінің айтуынша, нейрожелі қор жұмысына қатысты құжаттарды талдап, болашақта дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-қазына» АҚ Басқарма төрағасы:
- Жасанды интеллект негізіндегі нейрожелінің Директорлар кеңесіне тағайындалуы – бұл нағыз кванттық серпілі. Технология мен адамдар шешімді бірлесе қабылдайды, ал цифрландыру тек қана бизнес-процестермен шектелмей, басқару философиясының бір бөлігіне айналуда.
Қазіргі таңда компанияда дәл осы секілді 15-тен астам жоба жүзеге асырып жатыр. Олардың мақсаты бір: неғұрлым еңбек өнімділігін арттыру. Бірақ жасанды интеллектіде сана болғанымен, сезім жоқ. Ол талдау мен болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам секілді қиялдай алмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Диджитал Бридж халықаралық технологиялар форумында айтты. Яғни адамның шексіз әлеуеті мен озық технология ұштасқанда ғана жарқын болашаққа жол ашылады.
Авторы: Назерке Тоқжан