Жасанды зияттың зияны мен пайдасы қандай?

Елде жаңа министрлік – Жасанды интеллект министрлігі пайда болғанына көп болған жоқ. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы мемлекеттік органды құруды тапсырған болатын.

Осылайша, 3 жыл ішінде цифрлы мемлекетке айналу көзделген. Қазақстан қазірдің өзінде бұл саладағы жетістіктері бойынша әлемде 8 орында. Сондықтан болар жаңа технологиялардың игілігімен қоса қаупі қатар жүретінін түсіндік. Биылдың өзінде 14 мыңға жуық кибер алаяқтық дерегі тіркеліп, тіпті дропперлерге қатысты арнайы заң қабылдауға мәжбүр болдық. 

Жаңа министрліктің құрылғанына көп болған жоқ. Бұл туралы Ақорда 18 қыркүйек күні хабарлады. Бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тиесілі Инновациялық қызмет саласындағы функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілді. Енді жаңа мемлекеттік орган тек цифрлық технологияларға жауапты болмақ. Қазір жоспарда ішінде ақпараттық жүйелерді жаңғырту бар.

Әлия Оспанова, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының атқарушы директоры:

- Негізгі салаларымыз – энергетика мен транспорт саласы. Оған мұнай және газ кешені, робот, дрон және пилотсыз, автоматтандырылған жүйелерді енгізу. Бұл жаңадан бағдарламалау. Біз Орталық Азия аумағындағы алғашқы супер компьютерлі ел болғанымен, оның қуаттылығын максималды түрде қолдана білуіміз тиіс.

Енді осы тың технологияның өзіне тереңірек тоқталсақ. Жасанды интеллект тек соңғы жылдары танымал бола бастағанымен, адамзат оның пайдасын көріп келе жатқанына біраз болды.

Данабек Калиаждаров, сарапшы:

- Қазір әлемдегі ең мықты компаниялардың бірі - BlackRock 13 трлн АҚШ долларынан астам қорды қадағалайтын Aladdin деген жүйесі бар. Ол 90 жылдары шыққан және моделдеуді баяғыдан жасайды. Бұл жерде қандай акциялар жоғары көтеріледі? Қандай төмен түседі? Соны болжап, болжамын беріп отыратын үлкен бір жүйе.  

Яғни бұл біз үшін таңсық технология емес. Батыс цифрлық зейінді бұрыннан пайдаланып келеді. Осы тақырыпқа дайындық кезінде Лондонда жұмыс істейтін отандасымыз Дильшат Өтешовпен тілдестім. Ол қызмет ететін халықаралық JPMorgan компаниясында жасанды интеллект күнделікті қолданылады екен. Өз тәжірибесіне сүйенген сарапшы мемлекеттік маңызды шешімдерді жасанды интеллектке тапсыруға болмайтынын ескертті.

Дильшат Өтешов, сарапшы:

- Ең алдымен жасанды интеллектке иек артып алмау керек. Себебі алгоритмдерге сөзсіз сену қабылдайтын шешімдердің сапасына әсер етеді. Адам сыни ойлауды, сараптама жасауды қояды. Бұл күнделікті  тапсырмаларға ғана емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелерге де қатысты. Екіншіден алгоритмде қате немесе сыңаржақтық болуы мүмкін. Себебі бұл бағдарламалар деректерге сүйенеді. Ол деректер толық емес, қате немесе бұрмаланған  жағдайда нәтижесі де дұрыс болмайды.

Дегенмен елдегі мемлекеттік органдар жасанды интеллектіні тиімді пайдаланудың жолдарын тапқан. Мәселен, Қаржы министрлігінің Ішкі аудит комитеті ақпараттық жүйелердің көмегімен бюджет қаржысы жымқырылуы ықтимал тендерлерді анықтап жүр. Ол үшін «Онлайн-бюджеттік мониторинг» модуліне мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнамалар мен ережелерді жүктеп, сыбайлас жемқорлыққа әкелуі мүмкін факторларды белгілеген. Нәтижесінде жыл басынан бері шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде заңсыз төлемдер анықталып, оның 775,4 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.

Ержан Мыңжасаров, ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы:

- Біз бюджеттен бөлінетін әр теңгенің қозғалысын нақты уақыт режімінде қадағалай алатын жүйені құрып жатырмыз. Бұл кемшіліктерге жол бермей әрі қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлы құралдар бұзушылықтарды анықтаумен қатар оларды жоспарлау және орындау кезеңінде болдырмауға септігін тигізеді. Мұндай тәсіл мемлекеттік аудитті барынша ашық етіп, басқару тиімділігін арттырады және еліміздің орнықты экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Қорғаныс министрлігі де жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға ден қойған. Мәселен, мемлекеттік органдардан жиналған деректерді талдап, кімді әскерге шақыруға болатынын, кімді босату керегін де арнайы бағдарлама анықтай бастаған. Әскерилерді келісімшартпен жұмысқа алу кезінде де ақпараттық жүйелер көмекке келеді. Маңыздысы мерзімді қызметтегі сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнекамералардағы жазбаларды талдайтын жаңа жоба іске қосылған. Қазірдің өзінде ол автомобиль нөмірлерін тануға,әскери объектінің аумағына заңсыз кіруге тырысатын бөгде адамдарды, қызметкерлердің топтасып жиналуын және үй-жайлардан шығуы ықтимал түтінді анықтауға қабілетті. Яғни жасанды интеллект тамаша көмекші құрал. «Бірақ әлі өз бетінше шешім шығара алмайды», - дейді сарапшы.

Данабек Калиаждаров, сарапшы:

- Көбіне жасанды интеллектті мемлекеттік органдарда былай қолданады. Мысалы, менің тендеріме 100 команда, 100 ұйым өзінің құжаттарын тапсырса, оның 97-сі келмейді екен, нашар екен деп алып тастауға болады. Бірақ қалған үшеуі финалға шығады. Бірақ оның қайсы ұтатынын комитет пе, басшысы ма шешу керек. Қолын қою керек және өзіне жауапкершілікті алу керек.

Демек жасанды интеллектіні жауапкершілікке тарта алмаймыз. Яғни оның қызметін қадағалап, өз мүддемізге жұмыс істете алуымыз керек.