Жетісу облысында 528 мың тонна қызылша жиналады
Жетісу облысында қант қызылшасы жиналып жатыр. Биыл аймақ шаруалары қанша тонна өнім алады? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
Ринат Әдісбаевтың егіс алқабында таңнан кешке дейін қарбалас. Арнайы техниканы тізгіндеген жұмысшылар күн райы ашық кезде қант қызылшасын жинап алуға тырысып жатыр. 100 гектарды жаңбырлатып суаратын шаруаның биылғы өнімі де бітік шыққан.
Ринат Әдісбаев, шаруа:
- Күніне 10 га жинайын деп жатырмыз. Өнім шығымы 50-60 гектардан болып жатыр. Кейбір жерде көбірек, кей жерде азырақ болып жатыр. Негізі жоспар 10-15 күнде қант зауытына 6 мың тонна тапсыруға бітіретін шығармыз.
Ақсу ауданының еңбеккерлері 2500 гектардан астам жерге қант қызылшасын өсірді. Жиналған дақыл жүк көліктерімен жергілікті зауытқа жеткізіліп жатыр.
Мұрат Ыстанов, жүргізуші:
- Анау жерден мына жерге дейін үш сағат жүріп келдім. Қазір сағат 16:00 болды ма? Кеше жаңбырдан кейін жер батпақ болды. Әзірге екеуі жүріп тұр. Енді электронный қосылса жақсы болады деп ойлаймын. Былтырғыдай бір апта тұрмасақ болды.
Мұрат Мақашев, жүргізуші:
- Екі-үш сағат тұрдым. Кіріп жатырмыз ғой. Әзірге жақсы. Ертең үшіншісі қосылса, тіптен жақсы болады. Қазір екеуі ғана істеп тұр.
Биыл зауытқа Ақсу, Сарқан, Алакөл және өзге аудандардағы шаруалардан 300 мың тоннадан астам тәтті түбір өткізіледі. Өнім қабылдауда ұзын-сонар кезек болмас үшін өндірістегілер электронды жүйе енгізіп отыр.
Берік Қалиев, зауыт өкілі:
- Шаруа қожалықтарына логин, пароль беріледі. Ол жүйеге ешқандай интернет қажеті жоқ. Бұған дейін әрбір шаруа қожалығы бірге келеді. Көлікпен келіп өткізіп, қолмен толтырып, таңертеңнен кешке дейін бірге жүретін. Ал қазір келіп қажеті жоқ. Жүк көлігіне тие де, QR кодын қолына бер де қабылдау өткеннен кейін өзіне информация келеді. Автоматты түрде. Мынадай уақытта көліктің келгенін және қанша тонна болғаны көрсетіліп отырады.
Өткізілген тәтті түбірдің әр тоннасы үшін шаруаларға мемлекеттен 25 мың теңге субсидия беріледі. Бұған қоса зауыт тарапынан 15 мың теңге төленеді.
Жетісу облысында биыл 12 500 гектардан астам жерге қант қызылшасы себілген. Жиын-терін науқанына кіріскен шаруалар қазір орташа есеппен 422 центнерден өнім алып жатыр. Мамандар жыл соңына дейін 500 мың тоннадан астам тәтті түбір жинауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев