Ұлытау облысында жиын-терім жұмыстары аяқталды

Ұлытау облысында күзгі жиын-терін науқаны аяқталды. Диқандар 23 мың тонна астық жинады.

Орташа түсім гектарына 11-12 центнер.  Жауын-шашын аз түсетін өңір үшін бұл жақсы көрсеткіш дейді шаруалар. Жалпы биыл өңірде 26 мың гектар алқапқа дән егілді. Оның 20 мыңы бидай, 5 мыңы жемшөп дақылдары. Сондай-ақ 1 мың гектарға картоп пен өзге де көкөніс түрлері егілді. Егін ору жұмыстарына 150-ден астам ауылшаруашылығы техникасы мен 120-ға жуық уақытша жұмыс күші тартылды. Өнім сапасын арттыру және шаруаларды қолдау үшін мемлекеттен 176 млн теңге субсидия мен 330 тонна арзандатылған жанармай берілді.

Бағдат Бекетаев, шаруа қожалығының басшысы:

- 12-15 центнер аралығында осы алқаптан өнім алып отырмыз. Қазір бидайды осы жерден 150 шақырым жердегі Арқалықтағы элеваторға өткізіп жатырмыз. 3 мың тоннадай бидайды өзіміздің Ұлытау облысындағы бидай қабылдайтын қоймасына өткізіп жатырмыз.

Алмат Сауқымов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Былтырғымен салыстырғанда биыл сәл төмен. Былтыр жаңбырлы жыл болды. Биыл жаңбыр аздау. Сол себепті егіннің көлемі де аз. Бірақ жалпы алған уақытта 10-14 центнер гектарынан орташа есеппен алғанда жақсы болып есептеледі.