Алматы жаңа мәртебеге ие болды
Алматыға әлемдік қолөнер қаласы мәртебесі ресми түрде табысталды. Мегаполис мәдени мұраны қорғаумен қатар, оны табысты насихаттап келеді.
Атап айтқанда, креативті экономиканың аясында қолөнерді дамытуға ықпал етіп отыр. Сондықтан Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі былтыр қалаға World Craft City мәртебесін беру туралы шешім қабылдаған. Сертификатты табыстау рәсімі ALA CRAFT 2025 халықаралық фестивалі аясында өтті. Шараға Орталық Азия мен Еуропа елдерінен 100-ден аса шебер қатысты.
Түркістандық Абайхан Ырысбаев мұндай қолөнер шарасына тұрақты қатысып тұрады. Ол 40 жылдан бері қыштан бұйымдар жасайды. Түркістандағы талай мәдени ескерткішті жаңғырту жұмыстарына атсалысқан. Қазір ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Оның қолынан шыққан керамикалық құмыра, сазсырнай мен түрлі кәдесыйлар туристер арасында өте сұранысқа ие.
Абайхан Ырысбаев, қолөнер шебері:
- 340-тай шеберлеріміз бар. Бүкіл республика бойынша. Хас шеберді алып жатырмын марапатталдым кеше қуаныштымын. Құмыраға қатты көңіл бөлетін себебім біздің көне дәстүріміз көне фольклорымыз көрініп тұр ғой.
ALA CRAFT әлемдегі ең танымал мәдени шара. Алматыда алғаш рет өтіп отыр. Ал, әлемдік қолөнер астанасы мәртебесін беру Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің құзіретінде. Ұйым комиссиясы былтыр желтоқсан айында Алматыға келіп, осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдап қайтқан. Нәтижесінде шаһар бұл атаққа лайық деген келісімге келген.
Айдархан Қалиев, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша президентінің орынбасары:
- Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары деген тізімі бар. Соған 2022 жылы ең алғаш болып Тараз қаласы кірген. Екінші - Алматы кіріп отыр. Музыкалық инструментпен, зергерлік бұйымдармен. Үшінші - Түркістан қаласы қыш бұйымдармен жақында тойлап өтті.
Сарапшылар: «World Craft City мәртебесін алған соң креативті экономика саласына қызығушылық танытқан саяхатшылар, зерттеушілер мен инвесторлардың назары Алматыға ауады», - деп отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лабанов, Радик Жакупов