Марқакөлде 50 жыл жөндеу көрмеген қазандық жаңғыртылды

Марқакөлде жарты ғасыр жөндеу көрмеген жылу қазандығы жаңғыртылды, деп хабарлайды 24kz.

Аурухана мен екі тұрғын үйге жылу берілді. Жалпы ауыл орталық жылу жүйесінен 30 жыл бұрын ажыратылған екен. Қазір желіні қалпына келтіру жобасы қарастырылып жатыр. Тақауда Ұлан ауданындағы Тавария ауылындағы қазандық та жөнделіп, әлеуметтік нысандарға жылу берілді.

Марқакөл 28 жыл бұрын жылу желісінен ажыратылды. Күршім ауданына қосылған ауылдың коммуналдық шаруашылығы тұралап, көпқабатты үйлер автономды жылытыла бастады. Аурухана мен шағын қабатты екі үйді ғана жылытуға қуаты жететін бір қазандықты сақтап қалды. Елі жылдан бері жаңартылмаған нысан әбден ескірді. Биыл жөнделмегенде қыстан шығуы екіталай еді.

Бауыржан Иқамбаев, коммуналдық мекеме басшысы:

- Биылғы қысқа шыдамас еді өздеріңіз көргендей, құбыры бәрі шіріп тұр. Жылыту қазандығы тесілген болатын, оны жөндеп ауыстырдық, сыртындағы жақтау кірпіштерін жаңалап ауыстырдық, ішіндегі жылу жүйесі құбырларын ауыстырдық.

Қазандықты жөндеуге 43 миллион теңге бөлініп, әлеуметтік нысан мен екі үйге жылу берілді. Алайда басқа да көпқабатты үйлердің тұрғындары баспанамыз орталық жылу жүйесіне қосылса дейді. Зейнеткер Көкенай Базаров талай жылдан бері бесінші қабатқа отын тасып жүр. Қиындықтан құтылар күнді асыға күтеді.

Көкенай Базаров, ауыл тұрғыны:

- Көмір жағатындар көмір жақты, мен қарағаймен дайындадым, қарағаймен жылыттым. Сол сөмкемен кіргізесің үйге, күндегісін жағып отырамыз. Одан соң төрт жылдай болды теплофон қойып алдым, пеш жақпаймыз.

Электр қуатымен жылытатын  құрылғы қоюды көптің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан жеке аудан болып құрылған Марқакөлде орталық жылу желісін толық іске қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Ол үшін жаңа қазандық керек.

Самат Сүлейменов, Марқакөл ауданы түкш бөлімінің басшысы:

- Жаңа блокты модельдеп салу шамамен 900 миллион жаңағы 12 шақырым жылу желілерін тарту бойынша қайта жаңарту бойынша жұмыстар құны шамамен 1,5 миллиард теңге құрайды. Нақты құнын ЖСҚ және сараптама анықтайды.

Орталық желі жүргізілсе, оған қосқабатты алты үй мен 40-қа жуық әлеуметтік мекеме қосылады. Жеке секторды қамту да көзделген. Жалпы облыста қазір ауыл аймақтың коммуналдық саласы жаңарту жұмысы жүріп жатыр.

Нұрлан Рамазанов, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Бірінші бізде ол Таврия ауылы. Автономды электр жылытумен отырған. Біз былтыр жылу желілерін аяқтадық, биыл қазандықтың құрылысы аяқталды. Қазір ол қазандықты жылу жүйелерімен бірге «Шығыс» жылу мекемесіне беріп, биыл жылыту маусымын орталықтандырылған қазандықпен өткіземіз деп отырмыз

Жеке аудан болып бөлінген Самар мен Тарбағатай ауданындағы жылу жүйесіне қатысты да жаңа жобалар дайындалуда. «Бұл ауылдағы түтін санын көбейтіп, өмір сапасын жақсартуға септігін тигізеді», - дейді мамандар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин