Елімізде сурдопедагог маман тапшы
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде есту қабілеті нашар жандарға шамамен 100-ге жуық маман қажет. Ал сурдопедагогтер елдегі 120-дан астам жоғары оқу орнының небәрі үшеуінде ғана даярланады. Сондықтан екі тілде бірдей қызмет көрсете алатын мамандар саны өте аз. Тапшылық әсіресе Шымкент, Қарағанды және Астана қалаларында байқалуда.
Жарық дүниені жанарына ғана сыйғызып, үнсіз күйде күн кешіп жүрген жандардың қатарында Аяулым Жәнібекқызы да бар. Әу баста дін аман туған ару, уақыт өте құлақ мүкістігін еріксіз арқалап, ыммен тілдесетін жандардың қатарын толықтырды.
Аяулым Рахмонова, Қазақстандық Швейцариялық-америкалық колледжінің 1 курс студенті:
- Әуелде есту қабілеті нашар адамдарға қол ұшын созу мақсатында сурдоаудармашы болғым келген. Алайда, оқып жатқан колледжімде мұндай мамандық болмағандықтан, веб-дизайнерлікке түстім. Бірақ, қазіргі оқуым өзіме ұнайды. Достарым да осында.
Есту мүмкіндігі шектеулі студенттер мұнда сурдопедагогтың көмегімен тәлім алады. Сабақты жеңілдетілген бағдарламамен оқып, соны технологиялармен меңгереді.
Әсел Мырзақұл, физика пәнінің оқытушысы:
- Мұндай балалармен жұмыс жасау кезінде ерекше назар аударатын нәрсе ол ақырын және түсінікті етіп, тақырыпты түсіндіру. Сонымен қатар есеп бөлімінде көбінесе жеңіл түрдегі есептер көрсетіледі. Балалармен жұмыс жасау кезінде аударма ісіндегі мамандар бізге көмектеседі.
Білім ордасында мыңнан аса студент бар. Оның 100-ге жуығы ерекше күтімді қажет ететін балалар болса, 20 шақтысы құлақ мүкістігіне ие жеткіншектер. Олар мұнда грант негізінде, толықтай тегін оқиды. Алайда, сурдопедагог маманның көмегіне зәру. Қазір мұнда небәрі екі сурдоаудармашы ғана қызмет көрсетеді.
Ақмарал Хон, Қазақстандық швейцариялық-америкалық колледжінің директоры:
- Бұларға деген сурдопереводчик керек барлық балаларға. Қазіргі таңда 2 сурдопедагог жұмыс жасап отыр. Бұл - осы колледждің түлектері.
Бүгінде есту қабілеті нашар 120-ға тарта азамат және есту қабілетінен толықтай айырылған 40-қа жуық студент 30-дан астам оқу ошағында бірнеше бағыт бойынша білім алады. Ал «сурдопедагог» мамандарын республикада небәрі үш жоғары оқу орны ғана даярлайды. Бұл, әлбетте, елдегі маман тапшылығын толықтай қамти алмайтыны мәлім.
Мемлекеттік қолдау ретінде жәрдемақыдан бөлек, құлақ мүкістігі бар жандарға жылына 60 сағаттық көлемде сурдоаудармашы көмегі ұсынылады. Алайда, оның өзі жеткіліксіз. Сондықтан, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар перзенті үшін қыруар қаржы шығарып, сырттан маман жалдауға мәжбүр.
Жангелді Бекбатыров, ҚБ "Қазақстандық Саңыраулар Қоғамы" ҚБ вице-президенті:
- Оқуды екі тілде жүргізу керек. Ым тілімен қоса ауызша. Екеуін бірге жүргізсе, тез ұғады, тез дамиды. Егер білімді терең түсінген болса, ертеңгі күні ол ЖОО-на барғанда жақсы мамандық алады да, жұмысқа орналасады, өзін-өзі асырай алады. Көбінесе мына оңтүстік өңірлерде жұмыссыздық өте байқалады. Сондықтан кейбіреулері қылмыстық істерге де барып жатады.
Ал ерекше балалар оқитын әр мектепте сурдопедагог жұмыс істеуі үшін есту қабілеті нашар жандардың әлеуметтік статусын реттеп, мүгедектік санатын зағип жандармен теңестіру қажет дейді маман.
Жангелді Бекбатыров - "Қазақстандық Саңыраулар Қоғамы" ҚБ вице-президенті:
- Қазіргі таңда Қазақстанда 31200-ден астам мүгедектігі бар азаматтар бар, құлағының мүкістігі бар. Негізгі мәселеге келетін болсақ, ым тілінің статусы 2023 жылы әлеуметтік кодекс қабылданды. Ол статус алынып тасталды. Бізге ол мәртебе керек. Әрі қарай басқа мәселелерді шешуге бізге көп септігін тигізеді.
Саңыраулар қоғамының басшысы қазақша ым тілінің әлі де жөнді жолға қойылмағанын тілге тиек етті. Бір қимыл бір әріпті ғана білдіретін қазақша дактиль болғанымен, көбі бір қимыл бүтін бір сөзді білдіретін орысша ым тілін қолданатынын жасырмады. Өйткені, ол ойды жылдам әрі жеңіл жеткізуде қолайлы. Дей тұрғанмен, қазір Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары жасанды интеллектінің көмегімен ым тілін қазақшалауды қолға алды. Әзірге пилоттық жоба апробациядан өтуде, нәтижесі алдағы жылда белгілі болмақ.
Авторлары: Назым Кенжебай, Бағдат Қайыркен, Ырыстанбек Оспанов