Астық өндірушілерге берілетін субсидия мерзімі ұзартылды
Астық тасымалдаушылардың шығынын азайтуға бағытталған субсидия мерзімі келер жылдың қыркүйегіне дейін ұзартылды. Осы арқылы агроөнеркәсіп саласындағы логистиканың тиімділігін арттырып, қаржылық жүктемені азайтып, отандық агроөнім экспортының әлеуетін арттыру көзделіп отыр.
Қазан айы – диқан жұмысының қызатын шағы. Шаруалар қырдағы егінді қамбаға, артынша астық қабылдаушыларға тасып, күн ұясына қонғанша қызмет қамын күйттеуде. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының өзінде дала жұмыстарына жеті мың комбайн жұмылдырылып, қысқа уақытта төрт жарым миллион тоннадай астық жиналған.
Марат Жұмабаев, элеватордың бидай кептіруші маманы:
- Биыл жаңбыр көп жауды. Сондықтан жүк көліктерін күні – түні қабылдап, егінді кептіріп жатырмыз.
Облыстық басқарма өкілдерінің сөзіне сенсек, бүгінде облыс бойынша дәнді және бұршақ дақылдарының 78 пайыз алқабы орылған. Диқандар әр гектардан шамамен 18 жарым центнер өнім алып жатқан көрінеді. Ал жергілікті қоймалар 7 млн.тоннаға дейін астық сақтауға қауқарлы.
Асхат Рамазанов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір облыстағы элеваторлар 45 пайызға толды. Соңғы мәліметке қарағанда, биылғы бидайдан 1,2 млн.тонна өнім қабылданды. Оның 23 пайызы үшінші класқа жатады.
«Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы қыркүйек айында астық өндірушілер мен экспорттаушыларға 800 мың тоннадан астам бидай тасымалы үшін 19 млрд теңгеден аса қаржы аударған. Нәтижесінде бидай экспорты 1 млн 300 мың тоннаны құрап, одан түскен табыс көлемі 28 млрд теңгеден асқан.
Саян Сұңғатұлы, "Qaztrade" сауда саясатын дамыту орталығының аға сарапшысы:
- Осы жылғы жеті ай қорытындысы бойынша, астық өнімдерінің экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 56 пайызға өскен шамамен. Бұл дегеніміз 1,4 АҚШ долларын құрады. Көбіне түсінікті көршілеріміз Орта Азия елдеріне, Өзбекстан мен Тәжікстан Қазақстан экспортында шамамен 50 пайыздай үлесін құрайды. Иран, Әзірбайжан, Италия, сонымен қатар АҚШ елдеріне біздің астық өнімдеріміз экспортталады.
Астық өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейту мақсатында агроөнімдерді тасымалдауға бөлінетін субсидия мерзімі тағы бір жылға ұзартылды. Жартылай субсидиялау негізінен, Ресей, Латвия, Литва, Эстония, Әзербайжан мен Грузия, Түрікменстан, Ауғанстан мен Иран, Армения және Қытай Халық Республикасы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тасымалданатын бірнеше бағыт бойынша бөлінеді. Бұл ретте өтемақы көлемі экспорттық бағытқа байланысты бір тонна астық үшін 20-30 мың теңге аралығында болмақ.
Төлеу Сағат, "Азық-түлік корпорациясы" ҰК басқарушы төрағасының орынбасары:
- Біздің шаруалар өз бидайын жеңіл және тез астық қоймаларына кіргізу үшін бұрынғы бидайларды босату және экспортқа, ішкі нарыққа және басқа бос орындарға жөнелту жұмыстары орын алып жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда, корпорацияда 50 пайызға шейін 1 млн 400-дей астық болған. Қазіргі таңда 800 млндай астық бар.
Субсидияның ұлғаюы отандық астықтың әлемдік нарықта мойындалуына да үлкен ықпал етуде. Орталық Азия елдерін айтпағанда, бүгінде Қазақстан бидайын алғаш рет сатып алушылар қатарын Марокко, Алжир, Мавритания, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, сондай-ақ Бельгия, Польша, Португалия сынды бірқатар Еуропа елдері толықтырды.
Авторлары: Назым Кенжебай, Руслан Әлиев