Қызылорда облысында нан мен көкөністің қымбаттауына жол берілмеді

Биыл Қызылорда облысында нан мен көкөністің қымбаттауына жол берілген жоқ.

Себебі азық-түлік қорын қалыптастыруға екі миллиардтан астам теңге бөлінді. Қазір қоймаларда 1400 тонна өнім бар. Жарма, ұн, көкөніс, қант, өсімдік майы, жұмыртқаның қажетті көлемі сатып алынды. Өңірде 40 әлеуметтік дүкен, 14 сауда орнында арнайы әлеуметтік бұрыштар және арзанға ет сататын дүңгіршектер бар. Апта сайын аудандарда жәрмеңкелер өтеді.

Мейрамбек Серікбаев, тұрақтандыру қорының басшысы:

- Нанның бағасы да бізге өте қымбат. Сондықтан Түркістанда өндірушілермен 5 мың тоннаға былтыр келісім-шартқа отырғанбыз. Соның есебінен қазір біздің қоймамызға, бүгінгі таңға дейін мың жарым тоннасы келді. 130 теңгеден отырдық. Бұл дегеніміз, қала бойынша 8 наубайханамен жұмыс жасап отырмыз. Олардың бәрі бізден арзан ұн алған есебінен 85-90 теңгеден нан шығарып отыр. Одан бөлек әр ауданның өзінің операторлары бар. Оларда бізден ұнды алып, наубайханаға таратып, олар да 90 теңгеден облыс бойынша әр ауданда өздерінде нан бағасын тұрақтандырып тұрады.