Каспий қамқорлық күтеді
Енді бір 20-30 жылда Каспийдің солтүстік бөлігі, яғни біздің ел мен Ресейге тиесілі жағалау құрғап қалуы мүмкін. Себебі, NASA-ның ғарыштан түсірген суреттері теңіз деңгейінің жылына жеті сантиметрдей төмендеп бара жатқанын көрсетеді. 1200 шақырымға созылып жатқан о шеті мен бұ шетіне құс қанаты талып ұшатын айдынның тез тартылуына жаһандық жылумен қатар адамның іс-әрекеті де көп әсер етіп отыр. "Қауіптісі, егер осылай жалғаса берсе, Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін", - дейді ғалымдар.
Қарт Каспийдің мәселесін кеше Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы көтерді. Біріккен Ұлттар ұйымының мінберінен де осы жайтты айтқан еді. Ал кеше Президент Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек екенін атап, теңізді халықтар арасындағы дәнекер деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Иә, бұл мәселені Президент Қытайға барған сапарында да көтерді. Сол жолы Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құруды ұсынды. Мемлекет басшысының Каспий проблемасын халықаралық мінберден айтатын жөні бар. Себебі кейінгі бес жылда Каспий теңізінің деңгейі 80 см-ге төмендеді. Ал кейінгі 15 жылда теңіздің Қазақстанға тиесілі жағалауы жеті пайызға шегінген.
Лаура Базарбай, “Қазгидромет” РМК Басқармасының жетекші ғылыми қызметкері:
- 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Каспий теңізінің деңгейі 29,28 метр Балтық жүйесі бойынша деңгейге тең болып отыр. Бұл дегеніміз соңғы бес жылдықпен салыстырғанда Каспий теңізінің деңгейі 80 см-ге дейін төмендеді деп отыр.
Каспийдің деңгейі бірнеше факторға тәуелді. Ғалымдар алдымен жаһандық жылынуды алға тартады. Теңіздің айдыны үлкен. Сондықтан жаз ыстық болған жылдары көп буланады. Оның үстіне “Қазгидромет” Каспий маңындағы ауа температурасының екі есе жылдам көтеріліп бара жатқанын анықтады. Мәселен, жер-жаһандағы климат 10 жылда +0,19 градус жылыса, Қазақстанда +0,36 градусқа жетті. Ал Каспий маңындағы ауа райы +0,51 градус ысып отыр. «Соның салдарынан кей жылдары булану көлемі 1 метрден асып кетеді», - дейді сарапшылар.
Әмірхан Кеншімов, сарапшы:
- Жердің осы белдеуінде буланудың қалыңдығы жыл сайын шамамен бір метрге дейін . Сондықтан Каспийде де сол шама болуы керек. Алайда оның көлемі, айдыны өте үлкен. Оны қайтып толтыру үшін өте көп су керек. Бұл енді Еділге байланысты болады.
Теңізге 130-дан астам өзен құяды. Десе де олардың барлығы дерлік ұсақ өзен. Негізгі суды Еділ береді. Орталық Азия климаттық қорының зерттеуіне сүйенсек, Еділге 86 пайызы тиесілі. Бұдан кейін Құра өзенінің үлесі бес пайыздан асса, Жайықтың суы үш пайызға жуықтайды. Қалғаны Терек бастаған ұсақ өзендер еншісінде.
Яғни Каспий тікелей Еділге тәуелді. Алайда қазір мұндағы жағдай мәз емес. Ресей Балық шаруашылығы институтының мәліметіне сенсек, өзен бойында тоғыз электр стансасы суды бөгеп отыр. Салдарынан біраз жерде кеме жүре алмай, қайырлап қалған. Ал Жайықтың көлемі адамның іс-әрекетінен бөлек, жауын-шашынға қарай өзгеріп тұрады.
Әмірхан Кеншімов, сарапшы:
- Жайықтың бассейнінде, алабында үш мыңға жуық кішігірім плотинала, су қоймалары болған. Оның үстіне Сақмара дейтін, келіп түсетін сағасы бар. Ол Башқұртстаннан басталып, 40 пайызын беретін. Ол жерде 2 ірі-ірі су қоймасын салып қойды. Сондықтан жай жылдары біздің Жайыққа түсетін су аз. Жалпы бұрын тоғыз текше км болса, қазір орта есеппен жеті текше км, су аз жылдары төрт текше км-ге дейін азайып кетеді.
Ислам Тұрсынбек, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы:
- Ресей Федерациясымен ынтымақтастыққа тоқталатын болсақ, келісімшартқа сәйкес жылдың сулылығына қарай су бөлінеді. Қазіргі таңда Жайық өзені бойынша 7,83 км куб су келіп түсті.
Ғалымдар 19-шы ғасырдан бері теңіздің бес мәрте тартылып, қайта толғанын айтады. Алайда бұл жолғы жағдай бөлек. Орталық Азия климаттық қорының ақпараты бойынша жиырма жылда теңіз ауданы 35 мың шаршы шақырым кеміген. Бұл тіпті Армения мемлекетінің аумағынан үлкен. Егер Каспий маңындағы бес мемлекет тиісті шараны тездетіп қолға алмаса, теңіз қаша бермек. Әсіресе орташа тереңдігі бес метрден аспайтын солтүстік жағалауға төнген қауіп зор.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ержан Қанапияұлы