Елде 50 жастан бастап зейнетақы алып отырғандар бар
Олар сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасаған. Мұндай келісімді 40 жастан бастап жасауға болады. Ол үшін ер адамдардың зейнетақы қорындағы жинағы 8 млн теңгеден асуы керек, ал әйелдердікі 10 млн-нан көп болғаны ләзім. Жасыңыз бен жинаған қаражатыңыз жеткілікті болса, зейнетақы аннуитетін ресми түрде рәсімдей аласыз. Ал ай сайынғы аннуитеттік жарналар 50 жастан бастап төленеді. Биыл 189 млрд теңгеге осындай келісім жасалды. Бұл былтырғыдан 20%-ға көп. Бастысы зейнетақы аннуитетіне мемлекет кепілдік береді.
Руслан Құрманғалиев, сақтандыру компаниясының өкілі:
- Бізге келген тұлға бәрінің калькуляциясын жасап, ол келісім берсе, eGov-пен тікелей қолын қояды. Онлайн түрде келісімшарт өтеді. БЖЗҚ-дан бізге өтінімді мақұлдайтын болса, олар 5 күн ішінде бізге жаңағы тұлғаның ақшасын аударады. 10 млн теңгесін аударғаннан кейін біз оған дивидентін береміз. Ол процедура бірақ қана жасалады. Басқа айларда түскен ақшалар сол БЖЗҚ-ға түсе береді.