БАӘ жаңа зейнетақы жүйесіне көшеді. LIVE
Біріккен Араб Әмірліктерінде зейнет жасына жеткендерге өтемақы төлеу тәртібі өзгерді. Жаңа заң негізінде бұл ақша енді инвестициялық қорларға аударылып, экономикалық айналымға түседі.
Көлемі бірнеше еселеніп, қомақты жинақ болуға тиіс. Бастама мемлекеттік жәрдемақыға иек арта алмайтын 10 млн резидентке арналып отыр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын 10 млнға жуық адамның зейнетақы жинағы жоқ. Бұл – елдегі жалпы халық санының 80 пайызы. Олар шетелдік резидент болғандықтан әлеуметтік қолдау тетіктеріне қол жеткізе алмайды. Ал мемлекеттік тұрғыда бар игілікке ие жергілікті арабтар саны 1 жарым млн-ға шамалас. Елдің байырғы тұрғындары үшін арнайы зейнетақы жүйесі құрылған. Жаңа ереже бойынша қорға жалақының 11 пайызы аударылады, қалған бөлігі мекеме не бюджет есебінен жарна ретінде төленіп отырады. Жинақталған қаржы зейнеткерлік кезеңде тұрақты төлем болып қайтады. Мұндай атаулы әлеуметтік көмекке иек арта алмайтындар жұмыс берушіден бір реттік өтемақы алуға құқылы. Көлемі қомақты емес. Ұзақ жыл жұмыс істеген жағдайда ғана жинақ сомасы өсуі ықтимал. Әмірлік резиденттерін қинайтын мәселені үкімет инвестициялық қор есебінен шешуге кірісті. Дерекке сай, елдегі жұмыс берушілер енді әр қызметкер үшін оның еңбек өтіліне қарай жалақының 5 немесе 8 пайызын арнайы қорға аударуға тиіс. Тізімге шариғат талаптарына сай келетін ұйымдар да кірді. Бастама биыл ғана қолға алынып отыр. Қаншалықты нәтижелі боларын уақыт көрсетеді. Белгілісі кез келген шетелдік жұмыстан босап қалған жағдайда экономикалық айналымға түскен қаржыны қайтарып ала алады. Осы арқылы мемлекет ерекше дарын иелері мен қалталыларды әмірлікке көп тартуды көздейді. Қазірдің өзінде іргедегі араб елдерінен Дубай мен Абу Дабиге қоныс аударып жатқандар аз емес. Мамандардың айтуынша, жаңа әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктері демографиялық ахуалды жақсартуға көмектеседі.
Авторы: Рауан Мыңбай