Риддердегі жылу электр орталығы енді онлайн бақыланады
Станцияның жұмысы мен жылудың берілуі туралы ақпарат энергетика басқармасы басшыларының телефонына түсіп отырады.
Жасанды интеллект арқылы цифрландырылған жүйені алғашқылардың бірі болып арнамыздың аймақтағы түсіру тобы да көріп қайтты.
Шығыс Қазақстан облысында қыстың ызғары қазан айынан сезіле бастайды. Өңірде таң атпай ауа температурасы – 10 градусқа дейін төмендеп кетеді. Сондықтан Риддердегі жылу электр орталығының жұмысы қазірден бастап қатаң бақылауға алынған. Қазір мұнда екі қазандық істеп тұр. Жақында тағы біреуі іске қосылады. Ол аз болса, қосымша қуат көзі бар.
Кирилл Голота, Риддер ЖЭО директорының міндетін атқарушы:
- Қазір температура кестесі бойынша ауытқулар бар. Ол жаңа кәсіпорынның іске қосылуымен байланысты. Станцияның жұмысы №1 гироагрегатпен реттеледі.
Енді осындай ауытқулар жасанды интеллект арқылы анықталады. Мамандар станцияның техникалық жағдайын толық цифрландырып, бағдарламаға енгізді. Барлық мәлімет телефон арқылы онлайн ашылады. Биыл өңірде бойынша 20 шақырым жылу желісі жөнделді.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
- Биыл жылу желісінің тозған аумақтары толық жөнделді. Жұмыс авторлық және техникалық қадағалаушы мамандармен тексеріліп қабылданды.
Қыстың қамын тұрғындар да жасап қойған. Қазір бесқабатты үйлердің қондырғылары ауыстырылып, жылыту бойлері қойылды.
Елена Агешкина, Риддер қаласының тұрғыны:
- Бұл бойлер 30-40 жылға жарайды. Енді қысты алаңсыз қарсы аламыз. Оған тұрғындардың да көмегі тиді.
Қазір қалада жылу электр орталығын телефон қосымшасы арқылы басқару жүйесі іске қосылды. Бағдарлама станциясы мен қазандықтардың жағдайын онлайн көрсетеді.
Нұрлан Рамазанов, Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Риддер қаласында үйлердің 73 пайызы қосылып тұр. 2-3 күннің ішінде толығымен барлық көпқабатты үйлердің фонды орталықтандырылған жылуға қосылатын болады.
Мамандар өңірдегі барлық жылу станцияларын онлайн бақылауға ауыстыруды жоспарлап отыр. Қазір облыс бойынша 190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандық жұмыс істеп тұр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин