Тарихы терең Тәжікстан
Әсем табиғаты әрі терең тарихымен танымал Тәжікстан мемлекетіне соңғы уақыттары әлем жұрты ерекше қызығушылық танытып отыр. Аспанмен таласқан таулары, ежелгі қалалары мен ұлттық дәстүрлері, кім-кімді болсын тамсандырмай қоймайды. Соңғы жарты жылда елге 800 мыңға жуық шетелдік саяхатшы келген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 31%-ға артқан. Туризмнің дамуы ел экономикасына тың серпін берді.
Тарихы терең тәжікстан
Тәжікстан – жер аумағы бойынша Орталық Азиядағы ең кішкентай мемлекет. Соған қарамастан табиғаты әр алуан, флора мен фаунаға, пайдалы қазбаларға бай ел. Әлемдегі ең таулы аймақтардың бірі. Ел аумағының 90 пайызын тау жүйелері алып жатыр. Солардың ішіндегі ең әйгілісі – Памир. Биіктігі жеті мың метрден асатын тау халық арасында «Дүниенің төбесі» аталып кеткен. Оны көру үшін жұрт әлемнің түкпір-түкпірінен ағылады. Экстремалды туризмді ұнататындарға түрлі экспедициялар мен альпинистік бағыттар ұйымдастырылады.
Рустам Холматиен, Тәжікстанның Туризмді дамыту комитеті төрағасының бірінші орынбасары:
- Тәжікстанда биіктігі 5000 метрден асатын 100-ден астам шың бар. Бұл альпинистер үшін таптырмас жер. Көтерілу қиын болған сайын, қызығушылық артады. Соңғы жылдары туризмнің бұл түрі шетелдік туристер арасында жоғары сұранысқа ие болғанын байқап отырмыз.
Тәжікстан гидроресурсқа бай ел болғандықтан түсті металлургия және алюминий өндірісі жақсы дамыған. Памирдің өзінде 50-ден астам мұздық бар. Бұл аймақ Орталық Азиядағы тұщы судың маңызды қоймасына айналды. Елде химия, тау-кен, жеңіл және тамақ өнеркәсібі де жолға қойылған. Жергілікті тұрғындар арасында қолөнер ерекше дамыған. Кілем тоқу, жүннен заттар жасау және әшекейлер дайындау мәдениеттің маңызды бөлігі. Сондай-ақ тәжік халқын ән-күй, той-думансыз елестету мүмкін емес.
Тәжік пен қазақ халқының тарихи және мәдени байланысының тамыры тереңде жатыр. Бауырлас екі елдің салт-дәстүрі, дүниетанымы, тіпті ұлттық ойындарына дейін ұқсас келеді. Бұл - өзара рухани үндестіктің бір көрінісі.
Яхия қажы Исмаилов, дін қайраткері:
- Тәжік халқы мен қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, көбі 90 пайызы бірдей келеді. Халықтың достығы, халықтың қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, қонақжайлығы, тілінің өзі философия жағынан 70 пайыз тіл келеді екен.
Тәжікстан – Қазақстанның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Екі ел ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты байланысты одан әрі нығайта бермек.
Авторы: Мөлдір Жақан