Алматы тұрғындарының жылуға қарызы екі млрд теңгеге жуықтады
Алматыда жылыту маусымы басталды.
Алғашқы болып әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Ал ертеңнен бастап тұрғын үйлерге де қосылмақ. Алайда мегаполис тұрғындарының бір бөлігі әлі де қарыздан құтыла алмай отыр. Қала бойынша жылу мен ыстық суға төленбеген берешек көлемі 1 миллиард 800 миллион теңгеден асып кеткен. Осыған орай қарызды өндіру шаралары күшейтілді. Ескертуге мән бермегендердің мүлкі мен банк шоттары бұғатталып, тіпті елден шығуына тыйым салынуы мүмкін. Кей жағдайда ыстық су да ажыратылады. Ал борышын өтегісі келетіндерге коммуналдық қызмет жеңілдік жасап отыр. Жыл соңына дейін «Қарызды өтеп, өсімпұлдан құтыл!» акциясы жүріп жатыр. Яғни, тұрғындар негізгі қарызын толық өтесе, есептелген өсімпұл бірден кешіріледі.
Нұрбақыт Серікбай, Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы:
- Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр. Тұрғындардың берешегін азайту үшін түрлі шаралар қолға алынған. Себебі төлемдер уақтылы түссе қаладағы инженерлік желілер жылдам жаңартылады. Қазір жылу желіліренің шамамен 56 пайызы ескі. Биыл 39 шақырым құбыр ауыстырылып, бұл көрсеткіш 2 пайызға төмендеді. Алдағы жылдары да осы қарқын сақталып, кезең-кезеңімен толық жаңартылады.