Алматыда «Ертіс-Баян жауһарлары» көрмесі ашылды

Алматыда Баянтаудың рухани мұрасы таныстырылды. «Ертіс-Баян жауһарлары» көрмесіне Павлодар өңірінен жиырмаға жуық жәдігер әкелінді, деп хабарлайды «24KZ».

Экспонаттар арасында Абайдың 1909 жылы басылған өлеңдер жинағы мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» кітабының түпнұсқасы бар. «Алдар көсе» фильмінде Шәкен Айманов киген бөрік те көрермен назарына ұсынылды. Жүсіпбек Аймауытовтың төрінде ілулі тұрған «Сюзанна» кілемі де ең құнды жәдігердің бірі. Кілем өткен ғасырдың басында Бұхарада тоқылған. Оны жазушының қызы Муза тоқсаныншы жылдары музейге табыстапты. «Баянтаудан Алатауға: рух сабақтастығы» жиынында Баянауыл шежіресі, ауыз әдебиеті мен архивтен табылған қолжазбалар сөз болды. Осы мұраларды кеңінен танытқан «Күретамыр» және «Қартқожа Тоғанбаев» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Абзал Рымбек, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы:

– «Күретамыр» атты кітаптың ішінде Кәукен Кенжетаевтың әкесі Кенжетай Аймановтың қолжазбалары осы Алматының архивінен табылған болатын. Сол архивтен табылған төте жазудағы қолжазбаларды қазіргі қаріпке түсіріп, аударған болатынбыз. Ішінде қазақтың, әсіресе Баянауыл өңірінің толыққанды шежіресі мен ауыз әдебиеті толық қамтылған. Яғни Шоң, Шорман, Торайғыр билердің айтқан сөздері. Мәшһүрдің естеліктері деген сияқты, сондай шығармалары қамтылған.

Сондай-ақ оқыңыз: